Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  88


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Қыран өзені бойында

Мамырлап таудан бұлттар барады асып,
Желегін самал ойнап ала қашып.
Құралған бұлақтардың оркестрі,
Жағамен Қыран жатыр жағаласып.
Өткіздің қанша мерей, қанша мұңды,
Бойыңа жиғандайсың барша нұрды.
Куәсі тарихтың тарлан өзен,
Секілді қарт Алтайдың қан тамыры.
Үкілі тал-қайыңы тұр ырғалып,
Кетірдің көңілімнен мұңымды алып.
Көк бұйра көбігіңмен құшақтасып,
Барады бойымдағы жырым ағып.
Қоңыр жел орап алып мақпалыңа,
Ұшырып әкет мені асқарыңа.
Сыры бар тарихтың ашылмаған,
Сімірген майда толқын қатпарына.
О, менің жырға толы атырабым,
Өзенің үн қосуға шақырады.
Бойыңа барсам болды тал-қайыңның,
Қол соғып қарсы алады жапырағы.


Өзенім асау ағыс – арынды жыр,
Барады буып алып жанымды нұр.
Кетейін сенен алып жырыма нәр,
Тірлікте бермесе де бәрін ғұмыр.
Күн сүйіп, аймалайды арқаңды ай кеп,
Талпынам маған да нұр бар қандай деп.
Шығарған тезіңе сап, құрыш қылып,
Қалайын анау жатқан малтаңдай боп!!!



12 маусым 1999 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу