Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  329


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Апа, менің түсіме кірдің бүгін

Апа, менің түсіме кірдің бүгін,
Тұр екенсің көрсетіп күннің нұрын.
Тауға қарап кісінеп жүр құлының,
Құлағын қайшылатып жыр дүбірі.
Апа, менің түсіме кірдің тағы,
Көңілімнің өзіңсіз сынды сағы.
Сағындым ғой өзіңді,
Ауылымды...
Қандай шіркін тамаша қырдың таңы!
Білінбеген өмір де алагеуім,
Түсімде мен томпиған бала екенмін.
Ертіп алып жотаға шығарыпсың,
Көйлегіңнің ұстатып ала етегін.
Ауылыма барыппын түсімде мен,
Киіз үйдің жүр екем ішінде кең.
Сағынғанда өзіңді, ауылымды,
Бақыттымын көргенім үшін де мен.
Апа!
Апа, түсіме кірдің менің,
Маған шуақ төгіпті нұрлы реңің.
Арман қуып алыстан аңсайтұғын,


Азамат боп қалыпты жүгермегің.
Cағыныштан кірпігім күйді менің,
Боздайды Бозінгендей күй жүрегің.
Шүйкеңдей боп аспанда түтіліп ап,
Мен ертең ұршығыңа үйірілемін...
Апа, менің түсіме кірдің бүгін...



21 наурыз 1999жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу