Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  66


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Балапаны ұлардың

(Баллада)
Тарғыл таулар көшелі,
Көз тартады мұнарлап.
Саумал самал еседі,
Масаң майса,
Гүл аумақ.
Кідіртіп кірпік аспанға,
Ойланып орман қарайды.
Соғылып су тастарға,
Шашауын қайта қармайды.
Айдарлы, сеңгір шыңдарда,
Балапанын ұлар жүр ерткен.
Кезқұйрық, қырғи бұл маңға,
Пайда болды кенеттен.
Табылды «мол жем» бұларға,
«Жүргенге жөргем» деген ғой.
Қаптады бәрі ұларға,
Бірін-бірі көре алмай...
Кербез дала тып-тыныш,
(Шырқыңды бұзды қарашы!)


Жегелі жүр құсты құс,
Тегінің жақын арасы.
Тосыннан келген ажал ғой,
(Тірліктің түбі – тар апан).
Қанатын әлсіз қаға алмай,
Ортада қалды балапан.
Жауыздық іске қас қылып,
Жанымды жігер жаниды.
Сұмырайларға тас лақтырып,
Құтқарып алдым сәбиді.
Сүйкімді екен, момақан,
(Өрт болып менің кетті ішім).
...Орнына салып таңды Атам,
Үзілген сыңар топшысын.
Мәпелеп бағып, емдедім,
Жетілді қанаты сауыға.
Ұшатын кезі келді оның,
Апардым туған тауына.
...Көсілген шатқал заңғар, тік,
Көз сүрінткен бұла маң.
Тұрғандай сырын аңғартып,
Бұлбұлдар арнап құрады ән.


Шұлғыды басын жас құрақ,
Самалдың ерке назына.
Шымырлап қайнап тас бұлақ,
Елірткен бәрін сазына.
Басынан сипап, аялап,
Аспанға қарай сермедім.
Қанатын ол да жая қап,
Шарлады еркін кең көгін.
Оралып қайта басымнан,
Айналып ұшты үш рет.
Көзіме оттай басылған,
Періштемсің бе, құдірет!
О, ғажап-ау, таңдандым,
Көңілім толқып, тұр қызып.
Еркесі мынау таулардың,
Түсінеді екен ізгілік.
...Бойымда шауып ащы ағын,
Қарадым үнсіз асқарға.
Көзімнен аққан жастарым,
Шағылып жатты тастарға...



Тамыз. 1998жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу