Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  100


Автор: Сәруар Қамаева

АҚЫН ЖҮРЕК

Ақын жүрек жаралған сағыныштан,
Қиял қанат аспанға алып ұшқан.
Арманның ақ желкенін аялаған,
Толқын жырдан тулатып жалын құшқан.
Ақын жүрек жаралған сезiм-нұрдан,
Толқыған да шалқыған, төзiм қылған.
Ақ шағала ұшырған алақаннан,
Көк мұнара тұрғызған өлең-жырдан.
Ақын жүрек жаралған ағын судан,
Хас батырдай қайратты белiн буған.
Ақын жүрек ұқсайды Алатауға,
Бұлттар көшiп, ақ жауын бетiн жуған.
Ақын жүрек жаралған шапағаттан,
Жұлдыз жанған, ай туған, таң да атқан.
Ғашықтарды тербеткен бесiгiнде,
Ақын жүрек жаралған махаббаттан.
Ғұмыр кешкен асумен, белеңменен,
Жыр дүбiрi естiлсе елеңдеген.
Тiршiлiктiң тынысы тарылса да,
Ақын жүрек шалқиды өлеңменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу