Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  123


Автор: Сәруар Қамаева

АТА РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

(Қамай Теміржанұлының рухына)
Ата,
Кейінгі кезде,
Көрініп өзге,
Түсіме жиі кіресің.
Жабығып тұрып,
Жүзіңді бұрып,
Үндемей кетіп жүресің.
Кейде жанап кеп,
Суық қабақпен
Қадала қарап тұрасың.
Сырғақтайсың ба,
Тіл қатпайсың ба,
Жайымды менің сұрасып?
Сұрап тұрғандай,
Жылап тұрғандай
Кейіпте тұрып қаласың.
Өкпелі түрде,
Іргеңді мүлде
Алысқа салып барасың.
Әкемді көрдің бе?
Шешемді көрдің бе?
Айтшы бір хабарын.
Жүрегім ауырды,
Жоғалттым бауырды,
Белгісіз қайдан табарым.
Жылап та күліп,
Құлап та тұрып,
Тірілер өмір сүреді.
Тірлікте түрлі
Қуаныш, мұңды
Өлілер қайдан біледі?
Біліп те сезіп,
Елес боп кезіп,
Айналып бізді жүреді.
Алуы көптің,
Беруі жоқтың
Сол жақта ма екен тірегі?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу