Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  176


Автор: Сәруар Қамаева

ӨМІР, МЕН СЕНІ ТҮСІНБЕЙМІН

Өмір,
Мен сені түсінбеймін.
Жалындайсың,
Кетемін күйіп-жанып,
Отқа оранып.
Қаламын жылдам өшіп,
Шоқ боламын.
Жүректің отын кейде
Жоғалтамын.
Жүремін арасында
Қоламтаның.
Өмір,
Мен сені түсінбеймін.
Арындайсың асаудай,
Жүгенсіз кеткенің бе?
Арыныңды баса алмай,
Қарусыз өткенім бе?
Асулардан аса алмай
Арпалысып,
Қалдым ба өткеліңде?
Өмір,
Мен сені түсінбеймін.
Көңіл,
Мен сені түсінбеймін.
Бағынбайсың еркіме,
Алып-ұшып,
Жүремін
Жүйрік аттың жалын құшып.
Алаңсыз
Сауырына жабысамын,
Амалсыз
Аударылып, қалам түсіп.
Көңіл,
Мен сені түсінбеймін.
Еріксіз
Төменге де үйренемін,
Белгісіз
Мен бір жұмбақ күйге енемін.
Санамды
Сан тарапқа сүйреледің,
Осы ма,
Патша көңіл, билегенің?
Мен сені түсінбеймін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу