Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  83


Автор: Дихан Қамзабекұлы

МИЫМ, САҒАН НЕ БОЛДЫ?

Миым, саған не болды?
Шынды айтса сенбейсің.
Көзім, саған не болды?
Алысты тартып көрмейсің.
Тілім, саған не болды?
Айтар сөзді білмейсің.
Қиялым, саған не болды?
Қырандай самғап кезбейсің.
Пиғылым, саған не болды?
Қиянаттан безбейсің.
Ашуым, саған не болды?
Ақыл айтса көнбейсің.
Бақыт, саған не болды?
Бір ұшсаң қайтып келмейсің.
Құлқыным, саған не болды?
Қайыр-ықсан бермейсің.
Аяғым, саған не болды?
Түзу басып жүрмейсің.
Ақылым, саған не болды?
Алдыңды болжап білмейсің.
Жүрегім, саған не болды?
Кеудемді қатты кернейсің.
Өзің тәннің патшасы,
Орныңа неге келмейсің.
Құлағым, саған не болды?
Жақсы сөзді ілмейсің.
Ойым, саған не болды?
Шаруаңа көңіл бөлмейсің.
Мұрным, саған не болды?
Жұпардың иісін сезбейсің.
Қолым, саған не болды?
Іске көмек бермейсің.
Өзегім, саган не болды?
Біреуде барды күндейсің.
Арым, саған не болды?
Жақсыны жалған міндейсің.
Сабырым, саған не болды?
Қам-қайғыға төзбейсің.
Жас өмір, саған не болды?
Бір кетсең қайтып келмейсің.
Үміт, саған не болды?
Қартайған сайын өрлейсің.
Тыныштық, саған не болды?
Қайғыны ойлап өнбейтін.
Ұятым, саған не болды?
Өтірікті шын дейсің.
Махаббат, саған не болды?
Шүйілесің ілмейсің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу