Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  96


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ПӘНДАҒА ПӘНИ ДҮНИЕ АЗ КҮН ЕРМЕК

Пәндаға пәни дүние аз күн ермек,
Өмірдің алды тәтті, арты кермек.
Мәңгі өмір дүниеде сүрмек емес,
Мың күн тұрып, сынады бір күн шөлмек.
Бақиға қосыңды артып жөнелгенде,
Мақпұзда жазуда жоқ қайтып келмек.
Қызығы дүниенің көппен дүрмек,
Дүрмекпен дүрмектесіп өмір сүрмек.
Үлкенді – аға, кішіні – іні тұтып,
Ар-иманын кірлетпей таза жүрмек.
Алла сүйген құлына ақыл бермек,
Ақылменен іс қылса мақұл көрмек.
Кім де кім рахым, шапағат, қайыр қылса,
Алласы сол адамды жақын көрмек.
Еңбек қылмай еппенен тапқан малдың
Пайдасынан зияны басым келмек.
Біреуді бай, біреуді жарлы қылып,
Әркімнің жүрегінен қалпын көрмек.
Қанағат, қайыр қылмаса тіршілікте,
Бұл адамды әр адам салқын көрмек.
Сараңдыққа салынбай жомарт болсаң,
Байлығыңның қызығын халқың көрмек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу