Эсселер ✍️

  05.09.2022
  120


Автор: Кенжебек Сержанұлы

МЕНІҢ ҚАДІР ТҰТҚАН АСЫЛДАРЫМНЫҢ БІРІ ЕДІ...

(Асыл азамат, марқұм Майлыбай Әминұлы Аймағанбетов хақында эссе)

Дана қазақ "Жаныңда жүр жақсы адам" демекші, кеше ғана "Мұңал Ата" ұрпақтары ұйымдастырған үлкен істің бітуіне себепші болған ардақты да сыйлы, абыз да шежірелі, ардагер ақсақал Майлыбай Әминұлы Аймағанбетов ағамыздың өмірден озғаны туралы хабары бәрімізді шыны керек ойға шомылдырып, ойсыратып кетті...
ХХ ғасырдың ақиық ақыны, өлеңімен қазақ халқын мойындатқан аңыз тұлға Мұқағали өз өлеңінде асыл дариялар "Қариялар" туралы өлеңінде:
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар…

Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.

Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.
Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,
Бір күлшесін бөліскен ашымызға.

Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда
-деген екен.
Ия, қарттарымыздың ішінде де асыл да қазыналы, дариядай қадір тұтатын ақсақалдарың болары сөзсіз. Менің қадір тұтатын асылдарымның ішінде құрметті саналатыны осы Майлыбай ағам еді...
Мен жастайымнан облыста өтетін салтанатты жиындарға, мерекелік шараларға қалыс қалмай, бұғанамыз қатпай жатып, белсенділік танытып, қатысып жүретінмін.
Көп зиялыларды осы қоғамның істері арқылы танып-білдік. Қара торлы, ақ шашты, ашықта ақ мінезді, костьюм-шалбарлы бір ағаны жиі-жиі көруші едім. Өзі бір жұмсақ адам. Жай сөйлейтін, жай анық басып жүретін. Көбіне ол кісіні қалалық әкімдік ғимаратында 3-ші қатарда ардагерлер кеңесінің кабинетінен көретінмін. Жандарында марқұм Таңаш Меңдібаев ағамызда жүретін. Әлгі жаны жайсаң ағамыздың жиналыста баяндама жасағаны, ардагерлермен емін-еркін сөйлескені әлі есімде жаңғырулы.
Уақыт өте келе қоғамның істері өзімнің кезеңіме байланысты өрши бастаған тұста қызу істер көбейді. Жиналыстан жиналыс. Мерекелік шаралар, одан қалды кездесулер.
Әлгі асыл азамат жиындарда көп көзге көріне бермеді. Ішімнен «ағамыз қайда жүр екен» деп қоюшы ем.
Сөйтіп, арада 2-3 жылдай уақыт өткесін 2014 жылы кезекті Адай атамыздан тарайтын, қарашаңырақтың иесі «Мұңал Ата» ұрпақтары Тобыш ата ұрпақтары тапсырған «Бірлік отын» салтанатты түрде алып, өздерінің кезекті шараларына кірісіп кетті.
«Мұңал Ата» ұрпақтарының бірінші жиыны штабта бастау алды. Жомарт Айдарбек, Кенжеғали Сүйеуов т.б. ағаларымыздың шақыртуымен штабқа атсалысуға бардым. Барсам облысымызға белгілі зиялы қауым өкілдері, беделді ақсақалдар, атымай жомарт кәсіпкер ағаларымыз т.б. азаматтар тақ толы жиналған екен. Жиында біраз күрделі мәселелер айтылып, «Мұңал Ата» атынан қоғамдық қор құру туралы келісімдер айтылды. Осы жиында кездейсоқ осыдан тура 2-3 жыл бұрын көріп жүрген қара торлы, ақ шашты, ашықта ақ мінезді, костьюм-шалбарлы әлгі ағамызды көріп, қатты мәз болып қалдым. Біраз, өзгеріпті. Үлкейгендік пе, әйтеуір, баяғы баяу жүрісі. Жай тынымды сөйлеуі.
Көп уақытты қамтыған жиында бітіп, бәрі тарасып жатты. Мен орнымнан түргеліп, әлгі аға тұрған жаққа беттедім. Екі-үш азаматпен әңгімелесіп тұр екен. Жақындай келіп амандасып, қал-жағдайын білісіп, әңгімеге тартым. Басында мені таныңқырамай, «кім бала едің, танымай тұрмын» десті. Мен баяғы әкімдік ғимаратында белсенділік танытып, жиындарда бір-бірімізді көріп, есен-амандығымызды білісіп жүретінімізді айтып, «қосшы бала» екенімді қосып айттым. Танығандай болып, мәз бола «Оййй, айналайын, балам-ау халің қалай, жақсымысың, сен қайда жүрсің, көрмеймін ғой сені жиналыстардан» деп, әңгімесін бастап, үнін қатты қара торлы, ақ шашты ана кісі. Содан, біраз сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрдым ағамен. Өзі іштей қуанғандай болды ма, білмеймін, әйтеуір маған қарайлап мәз бола берді.
Сөйтіп әлі ағамен қоғамда қайта қауышып, байланыста болып тұрдық. «Мұңал Ата» пленумында мені хатшы қып, қасына ертіп, жиналыста жанына отырғызып, жиналыстың қалай өткендігі, кімдер қатысқандығы, қандай ұсыныстар талқыланғандығы туралы жазып отыр деді. Мен айтқанын құба-құп орындап, сол жазғанымды облыстық «Маңғыстау» газетіне мақала қып бердік. Газет бетіне жарияланып, қалың көпшілікке сол бір сәтті жиын болғандығы таралды.
Кеше ғана наурыз айында Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпан тауда Амал мерекесі халық алдында абыроймен аталып өткен болатын. "Мұңал Ата" ұрпақтары өздерінің кезегінде ерекше қызмет атқарды. Осы үлкен істі басқарып, едәуір дүниелерді Отпан тау төріне тұрғызуға барынша жүгірген, жасы ұлғайғанына қарамастан қызмет еткен сол кісі болатын. Еңбегі ұшан теңіз.
Мен басшылық ететін жастар қанатының белсенді де жалынды жастары сол Амал күні жақсы қызмет еткендері үшін осы ағамыз барлығын ата-аналарымен шақыртып, ерекше салатантты түрде Алғыс хаттар табыс етті. Сонша қарапайым жан екені осындай қасиетінен көрініп тұрған-ды. Жастардың ата-аналары да қатты мәз болып, алғыстарын жеткізіп жатты.
Менің болашақ елім үшін, жақсы азамат болып өсуіме барынша талпыныс үстінде жүрген жандардың ішінде осы ағамыздың есімі ерекше аталатынына кәміл сенемін. Мен үшін жақсы пікірдегі асыл ағамыз. Ол - Майлыбай Әминұлы еді.
28-шілде күні жайсыз хабар жетті. Ардақты да сыйлы, абыз да шежірелі, ардагер ақсақал Майлыбай ағамызға уақыт болыпты. Қатты, қатты қайғырдым, қатты ойға баттым. Ерекше, өз бетінше мінезі бөлек ағамыз еді. Амал қанша? Бұ бескүндік жалған өмірден кім-кім кетпей жатыр дейсің?
Алла Тағала адам баласын жаратқаннан кейін, бұ өмірде пенде өзінің тұрмысын көріп, алға қарай талпыныс үстінде болуы шарт. Кеңестің қатал тәртібімен өскен аға буын ұрпақтың бірі емес бірегейі ретінде ұрпаққа берер тәрбиесі мол еді. Асыл да арда бақұл бол аға!
БӘРІ ЖАЛҒАН

Өмір деген - тамшылар өзендегі,
Алғыс – уақыт, өмірің өз ермегі.
Жүрген жандар кешегі бүгінде жоқ,
Көзден таса мұрсатта көз көргенің
Байқайсың байқам өмір өзгергенін.

Бұл өмірді бес күндік жалған дедік,
Мұрат соңын кеш білдік арман дедік.
Кеше бала, бүгінгі жігіттерді,
Бұрнағы күн ескірді шалдар дедік.

Уақыт міне, осындай қас қағым-ақ,
Есеп беріп үлгермей жас шағыңа.
Өмір жайлы жазсақ мол әңгіме,
Қалам, қағаз, шам қойып бас жағыңа.
Пейіште нұрың шалқығай!

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,
Ақтау қаласы.
29.07.2015 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу