👈 қаріп өлшемі 👉

  05.09.2022
  224


Автор: Кенжебек Сержанұлы

БІЗ «ҰЛЫ АҚЫНМЕН ӨМІР СҮРУ БАҚЫТЫНА ИЕ БОЛДЫҚ»...

(Халық ақыны Қалбай Әбдіраман хақында)

Әрбір оқырман қауымның өзі қалаған кітабын оқып болғасын, алдымен армандайтыны сол кітап авторымен кездесуі екені еш даусыз. Тек кітаптары арқылы ғана танып, білісіп жататын ақиық қаламгерлерді бір көру, қолын алу, шіркін, әр оқырман қауымның арманы емес пе?!
Мысалы, мен өз басым Тұманбай Молдағалиев, Өтежан Нұрғалиев, Қадыр Мырза Әли сынды алып жүйріктерді кітаптары арқылы оқып білгенім болмаса, шындығында ол кісілермен бір кездесіп көрмеппін. Тәуелсіз Отанымызда шыққан қаншама ақиық ақындарды саусақпен санап жату мүмкін емес-ті. Аллаға шүкір, тағдырымда Мұзафар Әлімбаев, Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменовтерді өз көзіммен көріп, сұхбаттасу яки тілдесу бақытына ие болдым. Тәубә деймін.
Біз кейде өзіміздің ортамыздан шыққан небір "тұлғаларды" кеш танып жатамыз. Әйтседе, 37 жыл бойына себептерге байланысты тасада қалып келген бір классигімізді бүгінде ортамызда жүргенін білеміз бе?! Ендеше, сол сауалға өзімше жауап берелік!
Кім десеңіз сауалыңызға шығармаларымен Кеңес Одағын шарқ ұрған, классик дәрежесіне жеткен ұлы ақындардың бірі деп Қалбай ӘБДІРАМАНОВты дүп басып айтар едім.
Ол кісіні осыдан тура 3-4 жыл бұрын алғаш кездескенімде байқаған болатымын. Өлең оқығанда алдына жан салмайтын, өзіндік бір ешкімге ұқсамайтын ерешке дарындық қасиетімен көзге оттай көрінді. Алғаш ағамен үйіне кездесуге барғанымда таңертеңгілік сағат 10-нан бастап түнгі 12 дейін отырғаным, шыны керек уақыттың қалай өте шыққанын білмей де қалыппын. Аға маған сол күнгі кездесуінде біраз шығармаларымен таныстырған еді. Бала күнінде сонау Беруни (Қарақалпақстан) қаласыннан Қазақстанға Алматыға "Балдырған" журналына алғаш жіберген өлеңдерінің жақсы жазатынын байқап қалып, өз пікірін білдірген Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Халық Жазушысы, балалар ақыны Мұзафар Әлімбаев екенін және де алпысыншы жылдардың іші болу керек, сарылау келген ескі қағазда Мұзекең атамыздың пікірі мен үлкендеу қолтаңбасын өз көзіммен көріп едім. Одан кейін де жігіттік шағында жазған өлеңдеріне үлкен баға беріп, Алматыға шақырған ұлы ақын Мұқағали Мақатаев екенін біреу білсе, өкінішке орай, кей біреулер білмесі анық. Біздерге мектеп жасынан етене таныс Мұзафар Әлімбаев пен Мұқағали Мақатаевтар өз бағасын берген бұ кісі неге жарыққа шықпай қалған деген ой бірден есіме оралды.
Алғаш шыққан «Жүректегі жазулар» атты жыр жинағын «Құрметті ақын інім Кенжебек Сержанға. Ағасы Қалбай Әбдірамановтан үлкен ағалық ниетпен» деп жазып берді. Ағаны тереңірек танып, білу үшін тақ толы қағаздарын үйіме алып кетіп бас алмастан оқып шықтым.
...О, сұмдық десеңізші. Біз білмейтін дүниенің бәрі сол кісінің үйінде сақтаулы жатырғанын көргенде шыны керек өз-өзіме сенбестей болғаным рас енді. Оның есімі 1980 жылы бүкіл Кеңес Одағына тарап, СССР Жазушылар Одағының мүшесі болуы екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет емес пе?!
Оның білім қуып, Алматыға келгенінде ақиық ақын, жырларымен бүкіл қазақты мойындатқан жерлес ағасы Төлеген Айбергеновпен бірге бір пәтерде тұрғанын, ақиық ақыннан көп нәрсе үйренгенін айтқанында сенбеске амалым қалмап еді. Таңырқап, шындығында қапелімде «ортамызда жүрген ұлы ақынды көрмей жүрік пе?!» деген сан мың ойлар есіме әп сәтте келе берді.
2014 жылы наурыз айында менің тұңғыш балауса жырларым мен шағын әңгімелерімнен тұратын «Бейбіт елдің ұланымын» атты кітабым жарық көргенде, ағам қатты-қатты қуанып, кешімде маған арнаған «Жазушылық қамы емес, қара бастың» деген жыр-шумағын ала келіп, залда жиналған қауымға ерекше тебіреніп оқып берген еді. Жырында былай деген (үзінді):
... Іс тындырдың он бесте аталғандай,
Естілерді алдына апарғандай.
Елден бұрын есейіп, есін жиған,
Көрем сені баурым қаһармандай!
Сен солай-ақ өлеңге лайықтысың,
Талайынан өлеңге байыптысың.
Осы өлеңмен мен саған қол хат берем,
Осал соқсаң, сен содан айыптысың.
Кірбің болса көңіліңде сүртіп таста,
Болашақпен ешқашан мылтықтаспа!
Сәтті болса алғашқы құтқадамың,
Жаман болса кітабың жыртып таста!...
Сол жылы тамыз айында іс-сапармен Алматы қаласына шаруалар ретімен барғанмын. Келгеннен кейін міндетті түрде алдымен 93 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Халық Жазушысы, балалар ақыны Мұзафар Әлімбаев ақсақалдың шаңырағына барып, сәлем беруден бастадым. Қос дөңгелекті арбаға танылған қарт қаламгерге сәлем бере келіп, кітапбымды ұсынып, біраз әңгіме өрбіткен болатынбыз. Ол маған алдымен Маңғыстаудан келдім дегенімде: «Қалбай Әбдіраман қайда осы, бар ма?!» демей ме?! Қапелімде не айтарымды білмей сасқалақтап «Қалбай ініңіз аман-есен, бар, Сізге дұғай-дұғай сәлем айтып жіберді» дедім. Құлағы нашар естісе де, сол алпысыншы жылдардан бері танитын інісін арада 50 жыл өтсе де ұмытпай есіне алып атап отырғаны ерекше ойға шомылдырды мені. Ауылға келгесін сүйіншілеп Қалбай ағаға барып «Сізді Мұзафар Әлімбаев сұрастырып, сәлемін айтып жіберді» дедім. Арада жарты ғасыр уақыт өтсе де бір-бірін көрмей, іздеген ақын інісі Қалбай сол сәтте көзіне еріксіз жас алды...
Алла Тағала әркімнің пешенесіне қалай жазады, солай болары қасиетті құбылыс. Біреулер ерте танылады, ал біреулер өкінішке орай кеш танылып жатады. Олай дейтініміз тағдыр жазуы. Амал нешік. Кейбір ақындар өмірде еш танылмастан өтіп жатады. Небір-небір өлеңдері алмас қылыштай қиып түсіретін, оқығанда жүрегің елжіреп кете баратын от ауызды, орақ тілді арынды ақындар болғандығы тарих беттерінде жазулы яки сайраулы...
Алып қарайтын болсақ, Төлеген ақын небәрі 30 жасында жұмбақ өліммен өмірден кете барғандығы, бүгінде әлем мойындауға шақ тұрған ерекше дарын иесі екендігі дүйім жұртқа аян. Сол сынды Қалбай ағаның да алпысыншы жылдардан бері қарай күні бүгінге дейін жазумен жүре бергенінде бәлкім, әлем мойындар ақын боларына кім кепіл?! Қалбай аға өлеңдерінің көбінде ақиқатты ашып көрсетеді. Ақиқатты өлеңінде ашып көрсету әрбір ақынның бастысы міндеті емес пе? Қалбай ағаның жырларының басым көпшілігі де заманмен үндес болып келеді.
Қазақстанның белгілі қайраткері, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов марқұм заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың 40 күндік ас садақасы кезінде аға туралы бір пікірінде: «біз ұлы әулиемен бірге өмір сүру бақытына ие болдық» десе, мен ұлы ақын Қалбай хақында «біз ұлы ақынмен өмір сүру бақытына ие болдық» дегім келеді.
Шексіз Алла сәтін салып, Қалбай Әбдіраманов – тағдыр тауқыметі ауыр болса да ХХІ ғасырдың басында өз оқырмандарымен қайта қауышты. Ақтаулық жанашыр азаматтардың қолдауымен «Қазақнама», «Қазағыма хат» атты жыр жинақтары қалың оқырман қауымға тарады. «Қалбай Әбдіраманов» есімі қайта ортаға оралды.
Келер жылы, амандық болса, Алла жазса классик ақын Қалбай аға Әбдіраманов мерейлі 70 жасқа шығады. Мен қадір тұтатын, классик дейтін санаулы ақиықтарымның бірін ҚАЛБАЙ ӘБДІРАМАНОВ деп қасқая айта аламын. Қаламгерлер қауымын тірісінде бағалау, шығармаларын насихаттау әдебиет жанашырларының парызы. Олай болса, жанымызда жүрген ақиық ақынды, ұлы ақынды бағалай білейік! Құрметтеп өтейік!

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Астана қаласы.
08.10.2016 ж.
 
(Суретте ақын Қалбай Әбдіраман мен Кенжебек Сержанұлы)


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы