Өлеңдер ✍️

  05.09.2022
  233


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Туған күндер

Бұлт ішінде Айы жүзген өмір—
Бұл:
Косиха да көзін ашты өмір гүл.
Нөсерлі Алтай-тапқан жері тағдырдың.
Көз алдында дала жатты көгілдір,
Иісі аңқып найзағай мен жаңбырдың.
Жоқ!
Онда емес:
Қасіретпен қауышып,
41- де тудым,
Шер-жас мол көзде.
Левитанның ызбарлы ащы дауысы
Бесік жырым болды менің сол кезде.
Мен.
Соғыстын төсін емген жылап та.
Сол Соғыстың баласымын!
Нандың ба?
Жеңіс күнгі керней үні құлақта.
Аландағы солюттер көз алдымда.
Бақытты екем:
Мен дос таптым адамнан.
Дәл сол күні қайта тудым анамнан.
Өмір сүрдім басымды имей күштіге,
Бай болмай-ақ, кедей болмай күлкілі.
Онашада ақ парақтын үстіне,
Ақшақардай жыр боп жаудым бір күні…
Жанды жаулап қорқыныштың толқыны,
Бір адамға (айтпай калай жай табамын):--Сүйем!– дедім.
Мен туғанмын сол күні!
«Жоқ… деді Ол» Туғам сонда қайтадан!
Келді ғасыр қайшылығын артып ап,
Осал жанды ілген емес ол көзге.
Секунд сайын құладым мен қалдырап—
Қайта тұрдым…
Қайта тудым сол кезде




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу