Өлеңдер ✍️

  05.09.2022
  283


Автор: Жандарбек Жұман

Балкондағы ой

Күдерім күзетті,үрейім үркітті,
Тұрақтап келемін-уайымның уысын.
Адамдар бір-бірін түсінбей тұр тіпті.
Бул тірлік көздейді-қулықтың қуысын.

Сырларым бүгілді,жырларым жылады,
Көзімде өледі ғаламның кескіні.
Қоршаған ортаның бітелген құлағы,
Тиынмен өлшеніп барады "дос" құны.

Осы ма дерегі әлемнің біз алар?
Осы ма өмірдің уақытша қызығы?
Қауқарды жұтып ап, толысты ызалар,
Естілді себебі, бұрышта қыз үні.

Көшелер ішеді бойдағы ұятты,
"Ақ ойлар" түнекті көргенде безеді.
Бұл ғасыр сұлудың жүрегі сияқты,
Табыла қоймайтын тез емі.

Армандар қаланың қолында үгілді,
Қараңғы бұл түннің тәнінде тайған ар.
Оянған сұрапыл сезімдер бүгінгі,
Ертеңгі бітпейтін қайғыға айналар.

Балконда қап қойған шаһардың наласы,
Жаласы көбейген адам көп...Бұ несі?!
Қу тірлік-күлкі мен мұңдардың арасы,
Ақиқат,өтірік-уақыттың үлесі.

Халықты басады-нарықтың салмағы,
(Мейірімсыз қалаға емес-ті ел-ермек)
...Сенімді байладық күндерге алдағы,
"Шынай шаттықты шақырып келер"-деп.

Түн.29.05.2013✔




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу