Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  130


Автор: Дихан Қамзабекұлы

АПЫРАЙ, КЕСЕР МЕ ЕКЕМ МЕН ТІЛІМДІ

Апырай, кесер ме екем мен тілімді,
Үйрендім қайдан өнер көп білімді.
Өткіздім қасірет пен қапалықта,
Қызықты ойнап күлер мезгілімді.
Жатпадым су түбінде сәдәп болып,
Күнінде шықпас па едім дүрге толып.
Байғұздай тас жастанып тауда жатпай,
Секілді болдым қарға ұшып қонып.
Болдым ғой өнерімді тауысқандай,
Мерт болдым айға шауып арыстандай.
Сұңқардай биік шыңды мекен қылмай,
Шықылықтап көзге түстім сауысқандай.
Сөйлеуден тиылмаған қызыл тілім,
Өттің бе зарлауменен қайран күнім.
Түлкінің қызылдығы өзіне сор,
Болғандай болдың маған өнер-білім.
Ішім от, сыртым жалын қайнағаным,
Бұйырған жұтқан аман шайнағаным.
Жаныма тыныштық жоқ өзіме қас,
Бұлбұлдай жағып жұртқа сайрағаным.
Сайрауға дәрменім жоқ тұрмын қажып,
Ұзын түн ұйқы көрмей жүдеп азып.
Тілекке көңіл жетсе қолым жетпей,
Мен жүрмін құтыла алмай тілден жазып.
Айналдым бұлыт болып биік тауға,
Іліндім болып шортан жібек бауға.
Тілі жоқ көп мылқаулар тыныш жатыр ғой,
Қызыл тіл сен басымды салдың дауға.
Ақылды аузын жауып тілін ашқан,
Бұл күнде ақыл-білім бізден қашқан.
Жеріне ақымақтықтан сиғыза алмай,
Алтынның пұлын білмес жерге шашқан.
Жатқанмен алтын жерге кір болмайды,
Жай таспен дүрдің құны бір болмайды.
Жаңбыры аф-рахмет нұр болады,
Жауғанмен басқа жайға құр болады.
Жыланға у, араға бал, тасқа қына,
Тамғаны тақыр жерге сор болады.
Тікенге кетсе тамып гүл болады,
Көзсізге көз, тілсізге тіл болады.
Жауғанмен тауға, тасқа пайдасы жоқ,
Сай-саймен ағып дария сел болады.
Ғаламға аф-рахмет нұрын шашар,
Үстім су болады деп надан қашар.
Бір тамшы содан маған тамама деп,
Дарияда жатып сәдәп аузын ашар.
Бұлыттай жауатұғын менің өзім,
Көкірегім қан, жас пенен толған көзім.
Жаңбырдың аф-рахмет тамшысындай,
Ғаламға астам қылып айтқан сөзім.
Бораған қардай болып бұрқырадым,
Жалғаннан суып көңілім тоқырадым.
Бойыма алтынымды сақтай алмай,
Болмаған мұныменен еш мұратым.
Бұл күнде алтын азып жез болыпты
Дүниеде жақсы-жаман сөз болыпты.
Гүл іздеп гүлістанда жүрген бұлбұл,
Бір күні қаршығаға кез болыпты.
Сұрапты қаршығадан сонда бұлбұл,
Жалғанда ынтызарым бір қызыл гүл,
Қаршыға сенде құссың, менде құспын,
Ақылың сенің менен емес қой мол.
Бектердің оң қолында тұрағыңыз,
Ерттеулі күнде жүйрік пырағыңыз,
Кекіліктің миы менен жүрегін жеп,
Табылған әрбір құстан мұратыңыз.
Татыпсың қымбат баға қадыр пұлға,
Жүресің патшалармен шығып жолға.
Жазым боп жазатайып түссең торға,
Түсірмей ап кетеді қолдан қолға.
Өткіздім мен әр түнді сайрауменен,
Басымды тікенекке байлауменен.
Көрем деп қызыл гүлдің ашылғанын,
Ұзын түн зығырданым қайнауменен.
Қызыл гүл мен ұйықтамай ашылмайды,
Қазірше ауыз ашылып шашылмайды.
Оянсам ұйықтап кетіп ашылады,
Жасыретін бір көре алмай басылмайды.
Сайраумен ұзын түні көрермін деп,
Көре алмай ашылғанын қасіретім көп.
Ғұмырында бір ашылған уақытын көрмей,
Барамын бұл жалғаннан уайым жеп.
Гүл үшін тікен жастап жатқан жерім,
Зарығып бұл қайғыдан қандар жұтып.
Тарқамай бұл жалғаннан кеткен шерім,
Сен құссың бір ақымақ ақылың жоқ.
Бір гүлге пайдасы жоқ болған ғашық.
Сайрайсың түні бойы ауыз жаппай,
Қонасың сабырсыздан әрбір шатқа-ай,
Жетпестен бір мұратқа мың сөйлейсің,
Сол үшін қалып тұрсың мұрат таппай.
Аузыңды ақылың болса жабар едің,
Үндемей сабыр қылып бағар едің.
Тілі жоқ мен секілді мылқау болсаң,
Бір күнде мың мұратты табар едің.
Боласың сен ақылды менен қайтып,
Зарықтың бір гүл үшін жапа тартып.
Бір күнде мың мұратым болар хасыл,
Адамға үндемеймін бірін айтып.
Қаршыға мұны айтқан сен бір ерсің,
Мұратын әр пенденің Тәңірім берсін.
Табар ем мылқау болып мұрат болсын,
Болмаған ғасыл мұрат кете берсін.
Мұрныңды шошайтасың мақтағанға,
Жүруші ең келемеж боп көп тағанға.
Қолында көрінгеннің болып тұтқын,
Мәз болып жүріпсің де сақтағанға.
Бермейді саған етті қаныменен,
Бір құстың тояттапсың саныменен.
Өзіңді ертеден кеш ашықтырар,
Алсын деп құс көрінсе жаныменен.
Бір ұрттам қан ішесің бір құс алсаң,
Сен ақымақ тамақ үшін болған сарсаң.
Күйген қара сарттарға құл болғанша,
Онанша жақсы емес пе өліп қалған.
Жаратқан бір Құдайға жетер дәтім,
Зарланған ұзын түнде минажатым.
Бітпесе бір мұратым кетсін-барсын,
Ғаламға дастан болған бұлбұл атым.
Көпейұлы Мәшһүр Жүсіптен




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу