Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  252


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖЫР ЖҰЛДЫЗЫ

(Танымал ақын Ләззәт Игісіннің мерейтой, шығармашылық кешіне)
Қарлы таудың қарғалдағы қаңтарда да құлпырдың,
Шың басында көктеу үшін биіктікке ұмтылдың.
Жас өркеннің жебеушісі, таразысы бұл күннің,
Ләззәт ақын жыр жұлдызы, дүлдүл қызы ұлтымның!
Ләззәт ару біле білсек басқа дүние, басқа әлем,
Арман айы тоғаймаған жұлдызы көп аспан ең.
Махаббаттың мақамдарын өз әніңмен әлпештеп,
Алтын сандық абдырасын жыр кілтімен ашқан ең.
Қыз ғұмырды еркелеткен, көркем еткен жыр құсы,
Бір жырыңды оқыған соң іңкәр болды мың кісі.
Желектерін жалау етіп желбіреткен ақын қыз,
Парасатты Фаризаның иба тұнған сіңілісі.
Баяғыдан бұл қазақта талантты мен тарлан көп,
Ұлттың рухы әр кеудеде тұру керек арман боп.
Біздің Ләззәт ақындықтың биігінде жүргенмен,
Атақ пенен марапаттың есігіне барған жоқ.
Сабырың мен сағыныштан алтын сарай орнатып,
Сен жүресің күндіз-түні бөбек жырға толғатып.
Даңғаза мен жарнамалар керек емес ақынға,
Туған халқың бағаласа, құрметтесе – сол бақыт!
Жүрегің сәл ауырғанда дәру жырмен емделдің,
Асау сезім ақындықты ақылыңмен меңгердің.
Қыбылаға қол қусырып, мінәжәт қып алдың да,
Азат Отан, ата жұртқа алғашқы боп сен келдің!
Оятты ма, бұлбұлдардың тамылжыған таңғы үні,
Бізді жиі ауыртады замананың зар-мұңы.
Ізгілікті ағыл-тегіл жырлау үшін туылған,
Қиялы көп, зияны жоқ ақындардың барлығы.
Сәбит пенен Сұңғыланы баптап күннің нұрымен,
Нәр аласың Ақтолқынның кіршігі жоқ үнінен.
Алла берген үш ұрпағың шексіз шаттық сыйласын,
Ұзақ жаса, бақытты боп Қабен Мұқанұлымен!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу