Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  266


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ТАРЫМ ЖӘНЕ ЖҰМАБЕК

Сәлихалы мынау тойда неге тізгін іркейін?
Алматыда табылады күнде бізге күлкі, ойын.
Бүгінгі күн келешекке үлкен сабақ болады,
Басқа тойға ұқсамайды салмағы ауыр бұл тойым!
Біле білсек ағалардан бізге қалған мұра көп,
Сол мұраның қасиетін зерделесек ұғар ек.
Түрме деген «ғажайыптың» төл тумасы секілді,
Жетпіс беске жасы келген заңғар ағам Жұмабек.
Ел қорғаған кілең батыр біздің ата-бабамыз,
Ұлттық рухтың биіктігін ұлылардан табамыз.
Кейде біздер шын ерлікті тым алыстан іздейміз,
Сол батырлар жанымызда жүрсе білмей қаламыз.
Өзен- көлдер тартылғанда кеме қалар қайрандап,
Кеше ғана болды емес пе, тайқы маңдай, тайған бақ.
Жиырма үш жаста Қабадағы ұстаз болған Жұмабек,
Такламакан тажал құмға кеткен жоқ қой сайрандап?!
Асқар Алтай шыңдарымен бой таласып өстің- ау,
Сенің асқақ арманыңның арқауларын кесті жау.
Он жеті жыл әлемдегі екінші құм теңізін,
Толарсақтан емес, аға, кеңірдекпен кештің- ау!
Тарымда да ойшылдармен, батырлармен біргесің,
Соларменен өткіздің-ау, қорғасындай жыл көшін.
Арпалыспен көз жұмғанда ұлт азаттық ерлерім,
Сол тарымға көз жасыңмен бірге көмдің мүрдесін.
Тірісінде түрме, зындан, көрге көмген Жұмабек,
Қайсарлықтың өнегесін елге берген Жұмабек.
«Өлмеген құл алтын аяқ ыдыспенен су ішер»
Көрден шығып тап-таза боп төрге келген Жұмабек!
Боздап өткен боздақтардың сарқытысың, ірісің,
Ереуілдеген ерлікті айту, бұл ендігі жұмысың.
Көкірегі кекке толып елге өлмей оралған,
Жұттан қалып селдіреген серкелердің бірісің!
Жүрегіңнен өшкен жоқ-ау, тас түрменің таңбасы,
Жүкең ағам «ұлтшылдықтың» ортаймайтын қамбасы.
Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың... сарқыты,
Ілиястың, Бейімбеттің, Мағжандардың... жалғасы!
Біздің Жүкең арқалаған ғұмыр бойы кек пен зар,
Арда Алтайдан боздап жетіп, Алатауға шөккен нар.
Азат отан, ел-жұртың боп төбесіне көтерді,
Аға, өзің жазғаныңдай «Қыс артында көктем бар».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу