Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  61


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

БАҺАДҮР БАБАМ – ЖӘНІБЕК

Нажағайы өр намысты майданның,
Ер Жәнібек батыр бабам айбарлым.
Елін даудан, жерін жаудан қорғаған,
Қайран баба қасиетіңнен айналдым!
Құбылмалы қылтыңы көп заман-ай,
Қиянатты талай көрген далам-ай.
Сыр бойы мен Өр Алтайдың арасын,
Тұлпарымен дүбірлеткен бабам-ай!
Жайсаң қазақ жақсылыққа жақынбыз,
Қайсар қазақ шетімізден батырмыз.
Аңыз баба, абыз баба Жәнекем,
Үш ғасырды мерекелеп жатырмыз.
Абылай хан туын берген Жәнібек,
Жекпе- жектің мыңын көрген Жәнібек.
Қабанбай мен Бөгенбайға іні боп,
Жоңғарларды қырып, жеңген Жәнібек!
Сені туған жауынгер ел киелі,
Бұл тәңірдің бізге берген сыйы еді.
Бердәулеттің жалғызы еді Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбектің жиені.
Ата жауың қалтыраса ес қалмай,
Тектілікке дау жүрмейді ешқандай.
Бір қызыңнан туған сенің жиенің,
Ұлы Абайдың ұлы атасы Өскенбай.
Бекзат ұрпақ өсе берсе құрымай,
Батыр рухы тұрсын қалай жылымай!?
Бір қызыңнан туған сенің жиенің,
Ағартушы- Алтынсарин Ыбырай.
Өмір бойы мен ерлікті ән етем,
Ол замана керуенінің заңы екен.
Шүкір, тәубә адал ұрпақ бар екен,
Қазағыңа риза бол, Жәнекем!
Бабалардан бізге қалған кең мекен,
Шалқұйрығын шабытымның терлетем.
Билік, байлық алатындар өте көп,
Батырлыққа баратындар кемде- кем.
Отан мәңгі, қаһармандар қорғады,
Ұрпақтардың ашық болсын жолдары.
Бодандықтан бостандыққа жеттік біз,
Ұзағынан сүйіндірсе болғаны!
Алла бізге шапағатын берді де,
Ұлыларын ұлықтады ел, міне!
Тілегіміз қабыл болсын, әмин,
Қазағымның туы биік желбіре!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу