Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  78


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖЕР ҰЙЫҚ МЕКЕН – ЖЕМЕНЕЙ

Ата мекен – нұрдан таза сезімсің,
Арман құсым асқарыңда көз ілсін.
Алтай- Сауыр менің жәннат мекенім,
Қасиетті бойтұмарым өзіңсің!
Саған деген кәусар тілек көп менде,
Зер салайын шежірелі өткенге.
Асан қайғы Сәбитұлы таң қалған,
Жеменейге желмаямен жеткенде.
Ей, болашақ, тарихыңды тыңдап ал,
Өз тегіңді білмеу саған мін болар!
Мақтанышы менің байтақ елімнің,
Сауырымнан самғап ұшқан тұлғалар.
Басып өттік талай ғажап ғасырды,
Көрдік талай бегзаттар мен асылды.
Елге әйгілі «Уаң ордасы» қазақтың,
Сауырымның салтанатын асырды.
Кемел ойды кедергілер тоспаған,
Ізгі жұртым, ірілерден дос табам.
Алтын тұтқа болды туған еліме,
Лақ би мен Жәке бидей қос бабам!
Сауыр сенде олжасыз боп қайтып па ем!
Болмысыңды тауыса алам ба, айтып мен.
Сенде өсті ұлт көсемі Шәріпхан,
Елі үшін алтын басын бәй тіккен!
Суың- сия, далаң- жазған дәптердей,
Салқын Сауыр саңлақтарға бапкер ғой.
Бұланбайлар, Байғозылар... сенде өтті,
Алты арыстың балуаны шақ келмей.
Пәтқолладай майор ұлың тұлғалы,
Шежіренің көкейімде тұр бәрі,
Уыз болып ұйып қалған Жеменей,
Отарбай мен Сымағұлдың... жырлары.
Жеменейде жаттап өстім жер тілін,
Жеменейден алдым білім төркінін.
Көтерілді министрлік биікке,
Сенің тумаң, мақтанышың – төрт ұлың.
Білімсізге бақыт құсы қонбайды,
Күндіз- түні толғанамын сол жайлы.
Шар тарапқа зиялылар таратқан,
Жеменеймен санаспауға болмайды.
Ши жинпиң мен Назарбаев екі елді,
Көркейтуге ұлы міндет өтелді.
Жеменейдің Халықаралық өткелі,
Даңқымызды биіктерге көтерді.
Деректер мен дәйектерге дәлел көп,
Жұртымызға мәйек болды бар еңбек.
Айналдырды байлығына хадықтың,
Импортталған газ өнімін мәнерлеп.
Заман жақсы, бақыттысың даңқты ел,
Келген достар байғазыңды алып кел.
Көріністер көрем десең көрікті,
Саяхаттап Қойтасыма барып көр!
Атыз- арық, су құрлысқа үңілші,
Хан сарайдай бейқұт үйге бұрылшы.
Жеменейдің сапалы мал, астығы,
Бүкіл Шин жаң көлемінде – Бірінші!
Алыстатып ғасырға тең айларды,
Барлық байлық жомарт елге байланды.
Қатал Ноқай
боранымыз айбарлы,
Энергия қайнарына айналды.
Бұл толғауым – жарнамалық мәлімет,
Уақыт қысқа, айтар ойлар әлі көп.
Таңғажайып табыстарды көремін,
Жеменейге келген сайын әр рет!
Көкжиекте көркің бар жер Жеменей,
Жер ұйықпен тең тұрған жер Жеменей.
Жарты әлемге шежіреңді жатқа айтып,
Нөсер жыр боп мен туған жер Жеменей!
Күлкі – бақыт, күлкі – думан, күлкі – нұр,
Іңкәр жырдың іші – жақұт, сырты – гүл.
Қабыл болсын ұлыс күнгі тілегім –
Ел мерейін үстем етсін, жылқы жыл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу