Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  74


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

МАНСҰР АҒА

Пейілің тең кең- байтақ даламменен,
Өзің жайлы тербейді санамды өлең.
Жүрмісің есен- аман, Мансұр аға,
Аға мейірін сағынсам саған келем.
Саңлақ ұлын тұра ма ел көтермей,
Ізгілік, ой сергітіп, тербетер бой.
Бір кездер «биіктерде» жүргендердің,
Ұмытылмай қалғаны кемде- кем ғой!
«Қолында жүзік бардың» жолдасы көп,
Сезілер парасаттың ордасы боп.
Әдетте атақ- даңқы жер жарғанмен,
Ел- жұрты тез ұмытса сол қасірет.
Тебіренсең айтылды тереңнен ой,
Ірілердің сапары бөгелмегей.
Ел сыйлап «Мансұр аға» деген атпен,
Тұрсың сен биігіңнен төмендемей.
Тәрбие – тазалықтың аспанысың,
Сол жолдың талантыңды ашқаны шын.
Шарқ ұрдың күндіз- түні кірпік ілмей,
Ұлтыңның білім қуған жастары үшін.
Сені уақыт безбені көп сынады- ау,
Ағаттық, өткен күнді топшыламау.
Білімге қанша ұрпақтың жолын аштың,
Көбі қазір есіңде жоқ щығар- ау!?
Кемел ойлар құлашын кең сермейді,
Тұрлауы жоқ тобырға ел сенбейді.
Халқына адал қызмет ете білу,
Мансаптың деңгейімен өлшенбейді.
Айшықты ақиқатты арға балап,
Бойыңда тұнып тұрды бар қанағат.
Ағарту қайраткері – Мансұр Әбіл,
Өзін- өзі көрмеген жарнамалап.
Билік- байлық уақытша, халық мәңгі!
Бақыт сол, аман көрсең жарық таңды.
Аға, сен де ұмытпа ел тілегі,
Айтып келген ажалдан алып қалды.
Өзі аласа, мұраты биік кісі,
Секілді ұлтанды елдің ұйытқысы.
Ешқашан құрметтен кенде болмас,
Ұлтының бола алғандар сүйіктісі!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу