Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  71


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

АРМИЯ ГЕНАРАЛЫ ЖӘРЕКЕ БЕКЕШҰЛЫМЕН СЫРЛАСУ

Тағдыр кейде қатал екен неге тым?
Көп сыйлады қаһарлы қыс жел өтін.
Бұзып сонда тас қамалдың бөгетін,
Бір дәу аға біздің үйге келетін.
Бұл щаңырақ иендегі моладай,
Туыстар да алыс кетті-ау, жоламай.
«Халық жауы, отан сатқан» бұл үйге,
Кедергісіз келіп жүрді сол ағай!
Жүрген кезде қиянаттан қансырап,
Тұнып тұрды жауабы жоқ сан сұрақ.
«Шешей, аман отырсыз ба?» – деп сонда,
Келуші еді анамыздан қал сұрап.
Айдынынан үркіп ұшып шағала,
Біздің кеме қайрандады жағада.
«Жасымай жүр, алда жақсы күн бар» – деп,
Рух беретін жүдеп жүрген ағама.
Мейірім күтіп медеті жоқ таңдардан,
Сәби көңілілім әлде нені аңғарған.
«Бұл үйге де пенде келеді екен-ау...»
Бала сезім сонда талай таң қалған.
Әдемі әбзел безендіріп торы атын,
Ол келгенде бір жылы леп соғатын.
«Бұзық үйге» сәлем беріп көп келген,
Ол – Генерал Жәреке ағам болатын.
Бой жаздырмай бұғаулаған аяқ бау,
Өксіп жүріп өмір сүрдік саяқтау.
Жүрегіме таңбаланды сол бейнең,
Содан бері қырық жылға таяпты-ау!
Өтті бәрі... заман қайта оңалды,
Үркіп ұшқан бақыт құсы оралды.
Білесіз ғой, үндемейтін сол бала,
Ұлы өнердің сапарына жол алды.
Жылап туып, күліп өскен інің ем,
(Қалай ғана ұмытайын мұны мен?!)
Аталғанда алғаш «Ақын Қайрат» боп,
Сен қуандың алақайлап шынымен.
Бір өнеге көре қалсам алғырдан,
Сенің бейнең ой-санамда жаңғырған.
Құшақ жайып қуанышты күндерде,
Таудай болып сен шығасың алдымнан.
Тұтастықтан бөлінбесе де шекарам,
Жауап таппай жүрмін қазір мен оған.
Лауазымы сәл өрлесе болғаны,
Қалай екен, өзгереді көп адам.
Соның бәрін сетер халық сезген ғой,
Айту қиын ақиқатты көз көрмей.
Мәртебенің мәресіне жетсең де,
Ғұмыр кештің бір қалыптан өзгермей.
Білем аға, жаз өткен соң күз келер,
Мерейлі шақ көп болса екен сіз көрер.
Буланбайтын атақ- шенге, мансапқа,
Аға, осы өнегеңді бізге бер?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу