Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  100


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЕРЖАНАТ

Нөсерлетіп жақұт жырдың жауынын,
Сүйіндірген барша қазақ қауымын.
Туған елге есеп беріп жатырсың,
Өнер кешің құтты болсын, бауырым!!
Солыңнан ай, күнің туып оңыңнан,
Адаспадың өнердегі жолыңнан.
Шалқар шабыт шәкіртім боп сен менің,
Он бір жаста ілесіп ең соңымнан.
Сал-серілер салтын өзің жалғадың,
Содан білдің тіршіліктің бар мәнін,
Өнердегі соқпағы көп, күрделі
Ақындықтың ауыр жолын таңдадың.
Көкірегің керуені көп кең көше,
Құздан ұшқан балапан ең сен кеше...
Ақыны боп қалу үшін қазақтың,
Осы жолдан тая көрме, ендеше!
Арманыңның алау шамын жандырып,
Арайласын таңғажайып таң күліп.
Мүмкін емес әкім болу мәңгілік,
Ғұмыр бойы ақын болу заңдылық!
Алтайымның ардағысың, Ержанат,
Тарғабатайдың тарланысың, Ержанат.
Гүл Іленің саңлағысың, Ержанат,
Арулардың арманысың, Ержанат.
Ерен таудың егейісің, Ержанат,
Бисән таудың мерейісің, Ержанат.
Өлең-жырдың бардамысың, Ержанат,
Мал-мүліктің кедейісің, Ержанат.
Жырдың таза қайнары бол, Ержанат,
Ақиқаттың айғағы бол, Ержанат.
Досқа жаздай жайдары бол, Ержанат,
Парасатты елге пайдалы бол, Ержанат.
Тұрмысқа да қарапайым, Ержанат,
Шын сырымды таратайын, Ержанат.
Айтыс деген жыр соғысы майданның,
Сойқан ақын солақайым, Ержанат.
Достарыңның жиып көбін, Ержанат,
Жүрші жырдың құйып селін, Ержанат.
Аман болсын, сүйікті елің, Ержанат,
Соларменен биіктедің, Ержанат!
Ақындықты игерген де, Ержанат,
Сол өнерден сый көрген де, Ержанат.
Есен-сау бол, елжіреген ел-жұртым,
Кездесейік, үйленгенде, Ержанат!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу