Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  62


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ДАЛАЛЫҚТАР

Тап-таза табиғаттан жаралыппын,
Тарихымды далаңа қарап ұқтым.
Армысың, көкжал халық моңғол елі –
Танытқан құдіретін далалықтың!
Күллі әлем керуеніңе сүйінді ме?
Көшпелі шаһар еттің үйіңді де.
Тәуелсіз ел болғалы Моңғолия,
Сексен екі жыл болды биыл міне.
Жаралған далалықтар арың нұрдан,
Болатын отан десе жаның құрбан.
Әуелден-ақ тәуелсіз моңғол елі,
Әлемнің қақ жартысын бағындырған.
Даланың суын кештік, шыңында өстік,
Қайтайын ұрандаған үніңді естіп.
Бағзыда бірде тату, бірде қату,
Қазақ – Моңғол күрделі ғұмыр кештік.
Шыңғыс қаған әлемнің сетері еді,
Қасіретін қара жер көтереді.
Ұлы қаған болмаса далалықтар –
Қалалыққа жұтылып кетер еді.
Бітімге келсе өзін билеттің сен,
Қарсы келген жат жұртты күйреттің сен.
Жарылқау мен жазалау формуласын,
Адамдарға анықтап үйреттің сен.
Жорықтан кеш қайтатын, ерте барып,
Ерліктің шежіресін шертеді анық.
Жайлаған шет-шегі жоқ өлкені алып,
Далалықтар осындай ерке халық.
Бірімізге-біріміз сынай қарап,
Асау етіп өсірді шұрайлы алап.
Егіз ғұмыр кешірдік сақарада,
Киіз үй шаңырағын күн аймалап.
Еліңді жау, жеріңді өрт алмасын,
Түркі жұрты ғажайып жол таңдасын.
Өсиетін оқыйын тасқа басқан,
«Тоныкөк», «Күлтегіннің» қолтаңбасын.
Атақ-даңқы сетінеп сүзілмеген,
Ұрпағынан тектілік үзілмеген,
Адырлы тау, Моңғолдың үстіртінен,
Білге қаған бабамның ізін көрем.
Баян-Өлгий бай өлке ана мекен,
Анау асау Қобдаңа қарап өтем.
Сақтаған саф алтындай ата салтын,
Мұндағы қазақтарым саналы екен.
Ұлтымның ұмыт болған салт-санасын,
Бойтұмар қып еліме ала кетем.
Басыңа бақ, жүзіңе арай қонып,
Сахарада жасадың талай жорық.
Бейқамдықтың бейнетін тартпау үшін,
Жүріңдер сұғанақтан абай болып.
Жауларынан даласын қорғаған ел,
Бекзаттық рухың жайлы толғана бер.
Тарихта, қазірде көкжал моңғол,
Бірде-бір қайыршысы болмаған ел!
Шытырман жолдары көп шимайлаған,
Әпсәнаны әлі көп жинайды адам.
Күллі түркі халқының ата жұрты –
Алтын Алтай, мен сені қимай барам!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу