Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  57


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

БАҚЫТТЫ БОЛСЫН БАР ҚАЗАҚ

Бисмилла, деп бастайыншы сөз басын,
Қоңыр жырым көңіл сырын қозғасын.
Қайсар қазақ, аймалайын сендерді,
Жаңбырлатып сағыныштың көз жасын.
Жеңісіңді жел сөздерге жеңдірме,
Бақыт қонған кезі осы елдің де.
Отаныңның жиырма жылын құттықтап,
Туыстарым, туыңды ұстап келдің бе?!
Кереге кең, тереземіз тең шығар,
Одан өзге байлық та жоқ мен сұрар.
Жалғыз Отан Қазақстан қазаққа,
Сынай бермей, құлай берген жөн шығар.
Шеттегі елде тірлік те бар, сый да бар,
Соның бәрі ұрпақ үшін қиналар.
Нұр ағама жалғыз ғана тілегім –
Бар қазақты «байлығым», деп жинап ал.
Дей алмаймын қадірімді кеш білдің,
Тұсауымды тура жолға кестірдім.
Елбасымыз жалғастырған керуенді,
Тоқтатуға қақысы жоқ ешкімнің.
Аман болсын көсем ойлы көрікті ел,
Үкіметім, жомарттыққа ерік бер.
Қылмыстық топ кеденшілер байлығын,
Шеттен келген қазақтарға бөліп бер.
Үкіметім қай-қашанда халық-дер,
Бұл ойымды таразыңа салып көр.
Храпуновтар.... ұрлап кеткен байлықпен
Шетелдегі қазақтарды алып кел!
Ұлттық рух жаратылған ерліктен,
Шаршамайық көп аманат, көп жүктен.
Астанамда ашылған бұл Құрылтай,
Ұлы шешім қабылдасын ел күткен.
Аман болсын нұрлы Отан сүйенер,
Әділдікке арналсын бар жүйелер.
Атажұртқа Алла берген кие мол,
Қазақ халқы, енді соған ие бол!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу