Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  116


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

АҒАМА ЖАЗДЫМ АЗА ЖЫР

(Марқұм ағам
Уатқан Құл-Мұхаммедұлының қазасына)
Бисмилла... Жоқтау жырын бастадым,
Бұлт торлады көңілімнің аспанын.
Қайран ағам кетіп сәтте қас- қағым,
Жаңбырлаттым жанарымның жастарын.
Ойды неге тұмшалайын, туған ел!?
Миуа бағым, гүл сарайым туған ел.
Дұға-тілек қабыл болсын, деп келген,
Алдарыңда мұң шағайын туған ел.
Бақ, қайғыны көтертетін толағай,
Бізге қиын, Жаратқанға бәрі оңай.
Тым тез кеттің жалғыз ауыз тіл қатпай,
Тірлігіме тірек болған ағам- ай!
Азапты да көріп едің нетүрлі,
Зұлмат жылдар бақытты аулақ кетірді.
Алпыс үш жыл ғұмыр кештің пәниде,
Сыны кеткен сынық арба секілді.
Бейнеттері көп болыпты аз жолдың,
Пешенеңе жәбірлеуді жазды ол күн.
Бір мектепке бастық болды, дегенмен,
Сен әкенің мейірімін аз көрдің.
Сырнай тартып, домбыра да шертіпсің,
Жас өмірді аз күн ғана желпіпсің.
Жалындаған бала болып бір кезде,
Іңкәр жасты соңыңнан көп ертіпсің.
Орынында тұрды қашан бұл ғалам?!
Қырсық келіп қызығыңды ұрлаған.
Орталауды оқып жүрген кезіңде,
Іліп ала жөнеліпті бір боран.
Жас ғұмырың қалды екен қай дауға?!
Қиналамын сол кездерді ойлауға.
Жан сауғалап әкең қашып Советке,
Он екі жыл көмір қаздың айдауда.
Іргелерін аулақ салып бар халық,
Біз өмірді жылай жүріп жалғадық.
Көмір құлап, омыртқаңды опырып,
Жарты денең солып қалды, салданып.
Жәбірледі, жаныштады жолдар көп,
Сонда да сен тұрдың маған қорған боп.
Жазғытұрым үсік шалған майсадай,
Аға, сенде жастық өмір болған жоқ!
Білем аға, тірлігіңнің бар мәнін,
Көкейіңде айтылмаған қалды әнің.
Бір атадан Қайрат тірі жүрсін, деп,
Сен өзіңді құрбандыққа арнадың.
Қасіретті қайсарлыққа жеңдірдің,
Жампоз аға, жарасы көп сол күннің.
Сен айдауға, шеше кетіп түрмеге,
Мен көрінген босағада телмірдім.
Өткен күнді шежіре етіп айта алам,
Соны айтпасам бүгін қалай жай табам?!
Мен ақын боп он тоғызға толғанда,
Дидарыңа қан жүгірді қайтадан.
Ұрпағы едік Қиза деген кемпірдің,
Бұзылмайтын қамалым боп сен тұрдың.
Аламаннан олжалы боп оралсам,
Үйге сыймай қанаттанып желпіндің.
Жақсы күндер саған мойын бұрса да,
Ұйқың емес күлкің болды тым шала.
Уатқан аға, орта жастан асқанда,
Бақытты өмір кешіріпсің бір шама.
Ақылды едің жан сырыңа үңілсем,
Сағынышқа айналдың- ау бүгін сен.
Дүбірі мол дүниенің дүрмегі.....,
Соның бәрін үйде отырып білуші ең!
Ұрпақтармен болды күнің той- мерей,
Барлығын да еркелеттің «қой» демей.
Анда- санда мен оларға зекісем,
Бірнеше күн жүруші едің сөйлемей.
Мейірімді балажан ең соншама,
Саған біраз жас сыйлады сол сана.
Ұрпағыма сеп болсын, деп әкелдің,
Сыртта жатқан сынық темір болса да.
Кемтар дене, ақыл-ойға зерегім,
Мен қиналсам жаныңменен жебедің.
Құр атақты қуа берме, деп маған,
Қазақстанға бастап келген сен едің.
Өзіңді ойлау әрі жеңіл, әрі ауыр,
Рухыңмен бәрін қабыл ала біл.
Күндіз- түні өмірімді күзетіп,
Қырық бес жыл болдың маған қарауыл.
Сағынам ғой, зарығам ғой, жан ағам,
Мейірімді қайдан іздеп таба алам?!
Анаң өткен дәл 6-қараша
Дәл сол күні сен де кеттің арадан.
Енді қайдан дертке дауа табайын?
Туыстарым, сендерге мұң шағайын.
Шеше кетіп, аға кетіп бақиға,
Алаң-ашық болып қалды- ау, маңайым!
Жан азаңа қалың елің жиылды,
Дұғада боп, тоқтау айтты, күйінді.
Аллаға көп тәуба деймін сол үшін,
Отаныңның топырағы бұйырды.
Тіршіліктің заңдылығын білем нақ,
Баста тұрмас кілең қайғы, кілең бақ.
Саған арнап бағыштайтын дұғасын,
Ұрпақ қамын бақида да тілеп жат!
Аманатын Алла алып кетті де,
Құран- шариф бағыштады көп, міне!
Марқұм аға, жаның болып жаннатта,
Байтақ елім аман болсын, деп тіле!
Той- думанда жүрген едім алаңсыз,
Қапырықта қалғаным- ай, самалсыз.
Басымдағы нар көтермес қайғыны,
Сағынышқа айналдырам амалсыз.
Бар қазақтың ақынымын мен мүмкін,
Елім барда оралады сол күлкім.
Жылағанда жүрегімен жұбатқан,
Рахмет, бақытты бол, ел- жұртым!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу