Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  93


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

АТА- БАБАМ ӨСКЕН ЖЕР

(Зайсан қаласының 140 жылдық тойына)
Сағыныштың сазды әуенін тыңдатам,
Еркелерін сетерлеген нұрлы Отан.
Құшағыңды аш, атамекен-Зайсаным,
Алатаудан аңсап жетті бір ботаң.
Кәусар суың бойыма құт, Зайсаным,
Келдім жырды тойыңа алып, Зайсаным.
Сайқан-Сауыр, Кішкенетау, Маңырақ,
Қыры киік, ойы балық, Зайсаным.
Қысы жылы, жазы салқын өлкеме,
Қарт ғасырлар шежіресін шерте ме?
Серменұлы Сырымбайдай бір бабам,
Жүз он жеті үй салыпты ертеде.
Сенде туды нелер саңлақ, ұлы адам,
Ақыштай мен Қоңыр қажы ғұламаң.
Ақбай, Халит, Бұтабай мен Зейнолла,
Осы билер құламайтын мұнараң.
Шұлғаубайдай шешенің дес бермеген,
Ноғайбайдай ақын шыңға өрлеген.
Күш атасы-Бұланбайдай алыпқа,
Алты арыстың балуаны тең келмеген.
Бақ бесіксің қадіріңді білгенге,
Ырыс тұнып жатыр сенің іргеңде.
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әсеттер
Селдеп өткен, еңбек еткен бұл жерде.
Әубәкіров Манап жайлы толғанам,
Ерлігімен елін жаудан қорғаған.
Ер-Қамза Ерзінұлы Зайсанов,
Парасатын зеңгір көкте сомдаған.
Монғолия әуе күшін басқарған,
Ұмытылмасын, Зайсан, сенің сол балаң.
Ерлігімен шаттандырып қыз-ұлды,
Қас батырлар сапқа солай тізілді.
Ардагері соғыс және еңбектің,
Ел сыйлайды Аманжанов Қызырды.
Сегізбаев Кәдірбегің – шын дарын,
Сенің тумаң Салықбаева Гүлнарың.
Күллі қазақ жатқа айтады бұл күні,
Есдәулетов Ұлықбектің жырларын.
Алматыда бірге жүрген жолдасым,
Дәлел Уәш әндерін көп тыңдадым.
Іскер Қуат Әбжановтай ер ұлың,
Ақтай білген туған елдің сенімін.
Камалиева Салтанаттай аруың –
Мақтанышы бүкіл қазақ елінің.
Жете алмаспын тұлғалардың санына,
Байтақ далам нұр сыйлаған жаныма.
Зайсан, Зайсан, сен бұйырдың бағыма,
Иман нұрдай шуақ шашып, жадыра!
Кенде емессің есіл ерден, Зайсаным,
Кенжелетпе несібемнен, Зайсаным.
Боздақ бабам мекен еткен Кендірлік,
Ата-бабам өсіп-өнген, Зайсаным.
Ұйып қалам мәйегі мол мәтінге,
Алғыс айтам салтанаттың сәтінде.
Рахмет, берекеге шақырған –
Әнуарбек Мұхтарханов әкімге.
Елдің алтын қақпасы бол, Зайсаным,
Жақсылардың жақтасы бол, Зайсаным.
Құтты болсын жүз қырық жыл мерекең,
Бақытымның бақшасы бол, Зайсаным!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу