Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  74


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

КӨКТЕМ КЕЛГЕНДЕ

Құлпырса көмкеріліп дала гүлмен,
Сағыныштың әніне саламын мен.
Көктем келсе қараймын айналама,
Бір белгі бар ма екен деп, бала күннен.
Көктемнің күні қайда күркіреген?
Ақ жаңбыры жаумай ма сіркіреген.
Кең даланы сағынып жүргенім-ай,
Төрт түліктің төлдері дүркіреген.
Лепірсе де қаншалық көңіл мейлі,
Атырапты аңызғақ жел үрлейді.
Жайма-шуақ көктемде гүлге қонған,
Жібек қанат көбелек көрінбейді.
Аңсауменен айтылды тағы да әнім,
Біздер үшін өткеннің бәрі мәлім.
Тамылжып табиғаты тұнып тұрған,
Баяғы көктемді мен сағынамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу