Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  127


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

САҒЫНДЫМ АУЫЛЫМДЫ

Сағындым сауығы мол сайран елім,
Сағындым аққу қонған айна көлін.
Сағындым еркелеткен майда желін,
Айтсаңшы алтын бесік ауылым-ай,
Бал дәурен балалығым қайда менің?
Қайырмасы:
Ата қоныс бұл мекен,
Әр таңдарың нұрлы екен.
Менің бала кездерім,
Бұлдырықтай бұлдырап,
Аспаныңда жүр ме екен?
Құлдыраңдап құлындай,
Асқарыңда жүр ме екен?
Бақтарыңда жүр ме екен?
Бақытың баянды боп маңдайдағы,
Бірліктің бұзылмасын балқаймағы.
Даламның ерке бұлбұл торғайлары,
Аманат еттім саған осы әнімді,
Ала бар, ауылыма шалғайдағы.
Қайырмасы.
Естиін баяғының ескі өлеңін,
Түсімде салтанатты көш көремін.
Ауылым, сені жырмен кестеледім,
Санамда сары алтындай сақталасың,
Аман бол, туған жерім, өскен елім!
Қайырмасы. 2 рет




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу