Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  144


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ОТАУЫҢ ОРДА БОЛСЫН

(Асқар Қызырханұлының үйлену тойына)
Тойшыл қауым не десе де мақұлмыз,
Өйткені біз жанашырмыз, жақынбыз.
Дүбірлетіп Алатаудың күнбетін,
Ұлы тойды думандатып жатырмыз!
Арайлаған ашық болсын аспаның,
Сен өмірдің жаңа жырын бастадың.
Қызырханның ордасының жанынан,
Ақ отауды көтердің бе, Асқарым!
Гүлге толып кетті міне бар алап,
Шексіз алғыс тойға келген жамағат.
Арғы бетте туып өскен ұл-қыздың,
Отанында үйленуі ғаламат.
Бар өмірі гүлдей жайнап, ән болып,
Өз басына бақыт құсы дәл қонып.
Маржан деген келін әкеп Асқары,
Менің бажам кетті міне, шал болып.
Қайынбикем өмірді өзің өлшедің,
Қадіріңді бағалайды ел сенің.
Үйленген соң мойындаған шығарсың,
Біздің Асқар кіп-кішкене деуші едің.
Асқар, Асқар ұрпағысың алыптың,
Өзіңді елге ән-жырыңмен таныттың.
Сен туғанда алғаш ақын болып ем,
Мен де біраз жасқа келіп қалыппын.
Көріп өскен ыстық пенен суықты,
Танып өскен алыс пенен жуықты.
Атойлаған батырлардың мекені,
Біздің Маржан Қосшіңгілде туыпты.
Мекендеген ұрпақсыңдар екі елді,
Адал ұрпақ елдің жүгін көтерді.
Алтын бесік ата-жұрттың киесі –
Құда етті Қызырхан мен Өкенді.
Ала таудай асқақ болсын сәулетің,
Жылдан-жылға арта берсін дәулетің.
Асқар – Маржан, екеуіңе тапсырма:
Көбейтіңдер Бабақұмар әулетін,
Көбейтіңдер Қызырханның әулетін!
Нұрлы күннің себелесін арайы,
Келе берсін қуаныштың талайы.
Қызырхан аға, апайымыз – Қилымқан,
Немеренің болыңыздар малайы.
Ал, ұрпақтар, ұшырыңдар ән құсын,
Тек достыққа арналса екен бар күшің.
Нәсіп етсін бақыт күнді көруге,
Осы менің баршаңызға алғысым!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу