03.09.2022
  128


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ҚАРЫНДАСЫМ МӘРИЯНЫҢ ҰЗАТЫЛУ ТОЙЫНА

Бізге бақыт сыйлады атқан таң мен батқан күн,
Бүгін, міне, аға боп үлкен міндет атқардым.
Қадірменді, ел-жұртым, сіздерменен мақтандым,
Қарындасым, батамен өз үйіңнен аттандың!
Талай ойлар жинадым сенің осы кешіңнен,
Аман-есен болғайсың кедергі мен кесірден.
Қайратымның артында інісі жоқ еді деп,
Білесің бе, сені апаң ұл бала етіп өсірген.
Жаны кемтар әкеңді аяладың, Мәрия,
Жапырақ жүрек ағаңды саяладың, Мәрия.
Арттан ерген төрт бірдей бауырыңды мәпелеп,
Мейірімнің жылуын аямадың, Мәрия.
Құрметті сен көрдің ел жұртымнан мен көрген,
Аман болсын атажұрт ақ бесік боп тербелген.
Алыс пенен жуыққа «сүйкімді қыз» атанып,
Қимас, сыйлас болдың сен
Жеңісгүл – жалғыз жеңгеңмен.
Ұл бала боп бастадың тіршіліктің жолдарын,
Жылан әкеп шошыттың елдің кемпір-шалдарын.
Балға, шеге, темірге бейім болып өстің де,
Кесте менен инеге онша үйір болмадың.
Айтқаным ғой ел-жұртқа тірліктің бір парасын,
Заңдылыққа ешқашан жүрмейді үкім, таласың.
Бір әулеттің ұлы боп дүрілдеткен, Мәрия,
Бүгін, міне, қыз болып ұзатылып барасың.
Бақытты бол, қарағым, одан өзге не дейін,
Үстем болсын қай-қашан абыройың, мерейің.
Ешкімді де ренжітпе, жыламай жүр өзің де,
Сенің шаттық жүзіңді қуанышпен көрейін.
Арманыңның аққуын тұнық көлге тарандыр,
Бақыт, байлық әкелсін сен көретін тамам жыл.
Құдай қосқан Нұрдыбек – күйеу бала ақжолтай,
Жазылмасын жұптарың, жайраң қағып аман жүр!
Енді бізге екеуің келтірмеңдер жаманат,
Өмір өзі біледі асылдарын бағалап.
Рамазан айында қабыл болар бар тілек,
Ал, құдалар, қызымыз сіздерге енді аманат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу