Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  99


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

МҰНАРА

(Жылой ауданының 80 жылдық тойына)
Бисмилла деп, сыйынайық құдайға,
Айтылатын ақ тілегім тұр ойда.
Құтты болсын 80 жылдық мерекең,
Жырдан шашу ала келдім Жылойға.
Құтты болсын мерекең мен мерейің,
«Бақайымның» бар саласын көрейін.
«Құлсарыға» інжу-маржан төгейін,
Тарихыңа шолу жасап келейін!
Аңсап келдім арман болған аймаққа,
Қанық едім аңыз бенен айғаққа.
Пір Бекеттей әулие атам туған жер,
«Ақмешітке» барайыншы, қай жақта?!
Қазақ жыры Қазтуғаннан табылды,
Шалкиізден білдім ойлы шағыңды.
Бұл заманның жас өркені сағынды,
Доспамбетті, Жиембетті, Абылды.
Жем өзені қоңырауындай жаһанның,
Содан білдім күйін Боғда атамның.
Уілдеген қамысыңның үнінен,
Сыбызғысын естіп тұрмын Сатанның.
Байбақты, Өтен, Нарынбайлар– жан бабам,
Төремұрат самұрық қой самғаған.
Қыз патшасы Қызданайдай12 анама,
Құрманғазы құдірет күй арнаған.
Айналайын, байлық мекен, бақ мекен,
«Теңізіңнен» гауһар теріп ап кетем.
Аққұдық пен Қарашүңгіл мұнайын,
Ғасыр бұрын бабам қалай тапты екен?!
Жүз жасаған Сапи Өтебаевтың,
Мұнайдағы бар сапары сәтті екен!
Мезгілдерім мерекеге ауысып,
Шаттанайын батыр елмен қауышып,
Мынау қысқа сахналық сәттерде,
Шежіреңді айта алмаспын тауысып.
Жылой, Жылой – баба қоныс, ұлы ана,
Асылдарға алтын бесік бұл ара.
Осында өтті талай жампоз ғұлама,
Дүлдүл дүбір дүркіремей тұра ма?!
Туып-өстім Шығыстағы Қытайда,
Қанша байлық әкелдің деп сұрама!
Қайда жүрсем ұлттың рухын қорғадым,
Алдым содан мол несібе сыбаға.
Қасиетті әкелер мен аналар,
Бір ұлым деп қосып жүрші дұғаңа.
Кең Жылойдың 80 жылдық тойына,
Өршіл жырдан орнатайын мұнара!
Сіздерменен болдым, міне, етене,
Шын туыстық осындайдан өте ме?
Осы өңірмен таныстырды екі рет,
Бақай деген бақыт қонған мекеме.
Батыр халық намыскер де, жұмыскер,
Ақыныңа алқынбайтын тыныс бер.
Дәмің тартса, әлі талай келермін,
Есен-сау бол, Қыдыр қонған ырысты ел!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу