Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  94


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖӘНІБЕК, ЖӘНІБЕК!

Қарт тарих, ертеңге бер мәлімет,
Бағзыдан байтақ елдің сенде әні көп.
Жырлайын күміс көмей ұрпағың боп,
Ұлтына ұран болған Ер Жәнібек!
Қылышың жауға бекер қайралмаған,
Ойрат-жоңғар ордасын ойрандаған.
Ұрпағым ұждансыз боп кетті деме,
Халқына қамал болған қайран бабам!
Бұл қазағың көп көріп жел-құйынды,
Несібеге бақ емес, шер бұйырды.
Алмағайып заманда апат көрген,
Етек-жеңін ел-жұртың енді жиды.
Бала күннен дарыпты саған да айбын,
Жауға шапсаң айықты тамам қайғың.
Он жетіңде Шарыштың басын алдың,
Батасын ап Бөгенбай, Қабанбайдың.
Далама тіреу болған дарағым-ай,
Алла медет беріпті саған ұдай.
Жауыңды қырып-жойған ерлігіңе,
Оң тізе орынын берді хан Абылай.
Жауына жауар бұлттай түйіліпті,
Жәнібек батпан күрзі үйіріпті.
Батыр Баян, Қабанбай, Бөгенбайлар,
Алладан қуат бер деп сыйыныпты.
Жәнібектей баһадүр болыңдар деп,
Әбілқайыр сардарларға бұйырыпты.
Қазақтың хас батыры Жәнібекке,
Алатаудан Наурызбай сүйініпті.
Хан тәңірі, Жетісу өңірінен,
Райымбек ақ сауытын киініпті.
Қорғауға ұлан-ғайыр даламызды,
Бір сертке барлық қазақ жиылыпты.
Жойқын жауың жоғалғыр Жоңғар еді,
Жау бопты маңайыңның сонда көбі.
Әр өңірден, әр батыр ту көтеріп,
Озбыр жаудан Отанын қорғап еді.
Бар батыр – қазақ үшін ұлы тұлға,
Желбіресін елімнің туы шыңда!
Ұпайларын түгендеп жатқан жұртым,
Бола ма Жәнібекті ұмытуға?!
Иесі мен киесі бұл даланың,
Батырлардың жыры еді тыңдағаным.
Ру емес, тайпа емес, өңір емес,
Тұтастықты ту еткен тұлғаларым!
Бәріміз – бұтағымыз бір ағаштың,
Бәріміз – ұрпағымыз Ұлы Алаштың.
Бөлініп-жарылмасын қазақ енді,
Алладан басқа бақыт сұрамаспын!
Даңқты тарихыммен батылданам,
Тербетіп алтын бесік жатыр далам.
Ерлік, намыс рухын асқақтатқан,
Аруағыңнан айналдым, батыр бабам!
Бар болмыс болашаққа айнасыңдар,
Қаһарманын тумаған қай ғасыр бар?!
Ұлы батыр бабаңды ұлықтамай,
Жәнібектің ұрпағы қайдасыңдар?
Ата жаулар бізді көп салды азапқа,
Куә болған ел едік сан ғажапқа.
Ер Жәнібек қалмасын ескерілмей,
Сауын айтам, саңлақ жұрт, бар қазаққа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу