Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  125


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫС ДАЛАСЫ-АЙ

Тарихыңа табындырдың, Атырау,
Шуақ-нұрға малындырдың, Атырау.
Арқауысың жалын жырдың, Атырау,
Бір көруге сағындырдың, Атырау.
Арнау жырым – ақ тілегім жолдаған,
Көрсем болды, үлкен бақыт сол маған.
Құтты мекен – Құлсарыға келгенде,
Байтақ батыс далам жайлы толғанам.
Батыр елім, көрген жоқсың сен жүдеп,
Азаматың Төлегендей ержүрек.
Аруларың Қыз Жібектей мөлдіреп,
Каспий-Ана еркелетті елжіреп.
Махамбетің мәңгілікке асқақ ән,
Асу бар ма Исатайың аспаған?!
Көшпенді елге мектеп ашып, қала сап,
Хан Жәңгірің мол білімге бастаған.
Әйтекені әлпештеген бұл мекен,
Жарғыларын Ата Заңға үлгі етем.
Сөзі, өзі Әнұранға айналған,
Жұмекенің қай қоныста туды екен?!
Шетсіз-шексіз Нарынқұмға жетер ме ой,
Досмұхаммед Халел саңлақ, сетер ғой.
Күй құдірет – Құрманғазы, Дина анам,
Мынау Жайық, анау Еділ екен ғой.
Кенде емессің қайырым мен мейірімнен,
Кереметтер кездестірем кей күннен.
Бұл даланың мөңкіп аққан мұнайын,
Бабалардың қаны емес пе деймін мен.
Парасатпен орындалды ойдағың,
Ата салтын, ана тілін жоймадың.
Осы өңірді найзаменен қорғадың,
Жеңісіңді домбырамен тойладың.
Аңсап келдім, ақ дәміңді татайын,
Сен шақырсаң, үйде қалай жатайын?!
Елімізге, әлемге де әйгілі,
Көп саладан көш бастаған «Бақайың».
Аман болсын ел бастаған көсем ұл,
Артық емес арналса да неше жыр.
Көп мұнайды қантамырға ағызған,
Еліміздің жүрегі ғой – осы өңір.
Өркендесін ерке қыз бен ер ұлың,
Бар қазаққа ортақ ақын, серімін.
Туған жерім – Қытайдағы Жеменей,
Тұтастыққа мызғымайды сенімім.
Ұлысымның ұраны еді – Құлсары,
Сонда саған бөтен дейді мені кім?!
Кешегіңнен келешекті түсіндім,
Талмас қанат мен – самұрық құсыңмын.
Лебізіңе тілегімді ұсындым,
Теңізіңе жыр шағала ұшырдым.
Ай шомылды, қарт Каспийің тербелсе,
Қимайды екен келбетіңді ел көрсе.
Жомарт елім – Атырау мен Құлсары,
Қош, аман бол, қайта айланып келгенше,
Есен-сау бол, енді айналып көргенше!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу