Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  78


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

БАТЫРМЕН ЖҮЗДЕСУ

(Халық Қаһарманы, Генерал-лейтенант
Бақытжан Ертаевқа)
Ойқой, шабыт құсы енді дүркіре,
Мөлдір көлде, зеңгір көкте бір түле.
Генералға сәлем беріп қайтуға,
Кеттік жүріп Алматыдан Күртіге.
Маусым айы, Күрті бойы қызғалдақ,
Бүгін күннен ертең үшін із қалмақ.
Генералды күтіп жатқан Тұрысбек,
Еркек қойды айтып сойды бізге арнап.
Бақытжан ағам бүгін өте көңілді,
Әр лебізі ақ маржандай төгілді.
Сонда маған мынау Күрті өңірі,
Барыс жатқан түбектей боп көрінді.
...Адал өтеп азаматтық борышын,
Көрген ағам Ауғанстан соғысын.
Алпауыт ел астан-кестен етіпті,
Бейбіт жатқан бейуаз елдің қонысын.
Бомба түскен мешіттерді тұрғызып,
Мұсылманға созған Бәкең қол ұшын.
«Бейбітшілік Періштесі» деп білген.
Ауған халқы Ертаевті сол үшін.
Ертайұлы, елдің ұлы, ер көкем,
Сені өсірген қазақы ауыл кең мекен.
Сардар аға, Саңлақ аға өзіңдей –
Аты аңызға айналғандар кемде-кем....
Осылай деп жырға көмдім алапты,
Таң бұлбұлы әнімді елге таратты.
Төктім-ай кеп, жырдың мөлдір моншағын,
Тағы да бір таңғажайып таң атты.
Бегзаттықтан, дегдарлықтан безінбей,
Ұлттық рухты күзететін көз ілмей.
Мынау өмір кетер еді-ау, құлпырып,
Ағалардың болса бәрі өзіңдей.
Мейірімнің нұрын төккен басқаға,
О, туған ел, Бақытжанды бақ сана.
Еңселі елдің баһадүрі, оғланы,
Құрыш тұлға, жаны жайсаң жақсы аға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу