Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  90


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

АҒАЛАРЫМ – ҚАРА НАРЫМ

(Қаламгер ағам Оразанбай Егеубаевтің
70-ке толған мерей тойына)
Ағаларым – қара нарым асқақ ән,
Қасиетің артық бізге басқадан.
Мерей тойың құтты болсын әуелі,
Оразанбай Егеубаев жақсы ағам!
Адырна боп тартылдың сен жебеге,
Мәртебеңді тік көтерем төбеме.
Мына бізге еңбекқорлық жолдарын,
Сен келесің көрсетумен өнеге.
Жиырма жыл жоғалдың да табылдың,
Құлатпадың мұнарасын сабырдың.
Қорқыт ата ұрпағысың, Ореке,
Ажалынан аман қалған Тарымның.
Жолымызға бағдар шам боп тұрасың,
Таңжарықтың кең жайдырдың құлашын.
Ата жұртқа, жас ұрпаққа жеткіздің,
Ұлтымыздың мол қазына, мұрасын.
Өз еңбегің ел-жұртыңа сыйлы еткен,
Баяғыны бағамдауға ми жеткен.
Оразанбай ағам шауып келеді,
Көк бөрідей шойын қақпан сүйреткен.
Кезің келді құрметке бөленер,
Елің аман, еңбектерің еленер.
Жетпіс жасың құтты болсын, ағажан,
Жемісіңді жомарт күздей бере бер!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу