Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  72


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

БАР ҚАЗАҚҚА – БІР ТІЛЕК

Ұлы жиын, айтар тілек көп мүлде,
Жиналыпты ойшылым да, тектім де.
Бауырларым, бес құрлықтан еліңе
Сағынышты қанат етіп жеттің бе?
Міне бүгін іздегенім табылды,
Жақсылыққа жамылшы еттім жанымды.
Атажұрт деп боздап келген ботасын,
Отаның да боз інген боп сағынды.
Отан ыстық алаулаған оттай нақ,
Қуанышта не қыламыз жоқты ойлап?!
Бабамыздың бар байлығы секілді,
Көгімізде желбіреген көк байрақ.
Бауырларым қай түкпірде жүрді екен,
Енді білдік кім жанашыр, кім бөтен?
Қиыр Шығыс, Балтық, Кавказ, Сібірге,
Жатырқамай құшақ ашқан бұл мекен.
Ой салатын қарттарға да, сәбиге,
Атажұртым қымбат мынау пәниде.
Өзгелерді бауырына басқан ел,
Өз қандасын сыйлау керек, әрине!
Көңіл құсым көкке өрлемей тұра ма?
Елден қымбат ештеңе жоқ, сірә да.
Бар қазақты Отанына жинаған
Нұрлы жолың құтты болсын, Нұр аға!
Менің ұлтым бар халыққа бауырмал,
Сондықтан да салмағы оның ауырлар.
Баба сөзі «көрген жерде ауыл бар»
Не көрсек те, бір көрейік, бауырлар!
Тізгін бермей салақ пенен салғыртқа,
Сауын айтам саңлақ ойлы бар жұртқа.
Көш-керуен бастап келген туысты,
Шақырып ап, қамықтырып, қаңғыртпа!
Бірдей емес әр ғасырдың әр жылы,
Ескерткіштей еске сақтап қал мұны.
Бұл реткі құрылтайда шешілсін,
Қандастардың күрмеуі көп тағдыры.
Үлкен үміт – жеріміздің кеңдігі,
Үлкен күдік – санымыздың кемдігі.
Төрт құбылам түгенделіп болғанша,
Ұран етіп айта берем мен мұны.
Таразылап арғы менен бергіні,
Шашылғанды жинау мұрат ендігі.
Өз жұртыңның қожасы боп қалуыңӨз ұлтыңның өсуінен белгілі.
Бордай тозды бодан еткен тас қамал,
Дербес елміз, ештеңе жоқ жасқанар.
Ірі жоспар, ұлы шешім ел күткен,
Астанамнан, Ақордамнан басталар!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу