Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  76


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

КӨРКЕЙГЕН ЕЛГЕ КӨРІМДІК

Жүрсек те біз желқабыз сөздерге еріп,
Өмір өзі жатады безбенделіп.
«Жер жәннаты – Жетісу» деген жерді,
Жүр, досым, аралайық көзбен көріп.
Құт орнап Жетісудың даласында,
Көрдің бе, қажетіңнің бәрі осында.
Шалқып жатқан ел мынау, білші, досым,
Нарынқол мен Балқаштың арасында.
Тәнті боп келсең жердің атағына,
Разы бол, сәті түскен сапарыңа.
Таңдай қағып, тамсанып қаласың, дос,
Барғанда Талдықорған шаһарына.
Шалдығып нарық деген жорықтардан,
Таба алмай күдір жолдан толық талғам.
Келсеңіз төрт жыл бұрын бұл қалаға,
«Күйреген Отырардай» болып қалған.
Ал азамат, ел жүгін көтер бүгін,
Сал-серілер арнасын сетер жырын.
Бұзу оңай болғанмен түсінді әкім,
Түзеудің өте қиын екендігін.
Таныссаң атқарылып жатқан іспен,
Таланттылар озады нақ табыспен.
Шашылғанды Шалбай кеп жинады деп,
Халық жиі айтады мақтанышпен.
Ал, достым, сейілдетем сені бұлай,
Өркендеген Жетісу өңірін-ай!
Уәзірлер уәдеде тұрса берік,
Парасатты патшаның көңілі жай.
Салыстырмай қоғамды кім ұғынар?
Таңдайыңда жеті өзен шырыны бар.
Жеті айналып шаршадың бұл өлкені,
Абзал дос, енді азырақ тынығып ал.
Көрегендер көгертер көсегеңді,
Өршіл ерлер бастайды өсер елді.
Талдықорған – бір ордам, белдеуіңе,
Байғазы етіп байладым осы өлеңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу