Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  119


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ҚҰЛПЫТАС

(Әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының 100 жылдық мерейтойына)
Ғасырдың жыры жалғанып маған,
Қарайды енді таңданып ғалам.
Шыңырауға түскен, шыңға да шыққан,
Азап пен ләззат Таңжарық бабам.
Шаршатып өтті айлардың көбі,
Аңсатып кетті қайран күндері.
Қасірет жасың секілді сенің,
Кермек те тұнық Сайрамның көлі.
Дұшпанын жүрді ән тартса жеңіп,
Босады бордай жартас та берік.
Іле боп құйды сағыныш жырың,
Қапшағай менен Балқашқа келіп...
Есілдер талай еңіреп өтті,
Бұлбұлды сұмдар меңіреу етті.
Зынданда жатып ұшырған жырың,
Бозторғай болып еліңе жетті.
Жаншылып жаның, сорлады-ау санаң,
Бір сойыл шықпай мол балаусадан.
Зәндемдер келіп, зәресін алып,
Қайран ел қорған болмады-ау саған!
Бақытқа бәлкім біз бөленерміз,
Жампоз жырауым, сізге не дерміз?!
Асылды туып, ардақтай алмай,
Жоғалтып алып, іздеген елміз.
Қазағым жайлы ән салам күнде,
Табынам неге, тамсанам кімге?
Көк туды ұстап ұрпағың жетті,
Баяғы өзің аңсаған күнге.
Бас идім, баба, өлеңімді арнап,
Сен басқан жолды көремін барлап.
Қойдымнан туған шөпшек қыздармен,
Айтыстың жолын келемін жалғап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу