Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  1443


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖЫРЫМНЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

( Шерхан Мұртазаға )
Бақытсыздау басталды балалығым, жас шағым,
Айыптау мен айғайдан айыққан жоқ аспаным.
Қытайдағы «Мәдени төңкерістің» тұсында,
Білем марқұм әкемнің ата жұртқа қашқанын.
1991, дәл жиырма бес жасымда,
Байтақ қазақ жеріне тұңғыш қадам тастадым.
Туған жерге ту тігер азаматтың сұлтаны,
Әке жайлы сағыныш етегімді қымтады.
Еңіресіп қауыштық екі анадан туылып –
Бір әкенің екі елде туып-өскен ұрпағы.
Осы сәтте арманым араласып тылсыммен,
Күрмеуі көп күндерім аяқталды күрсінген.
Бір ай өтіп арада, жездем Мұқан жол бастап,
Алматыға ұштық біз Ертістегі Күршімнен.
Әуе жайға аман-сау қондық сонда біз келіп,
Алатауды көрдім-ау, жігіт-дидар, қыз-көрік.
Бүкіл халық «Шер ағаң» деп атаған тұлғаны,
Көне алаң, парламент сарайынан іздедік.
Жиналыстан шықты аға, сәлем бердік, қол алдық,
Ақ волгаға отырып енді үйіне жол алдық.
Төлебаев көшесінде тұрады екен отбасы,
Ордасына ағаның көп ойменен оралдық.....
Иман тұнып тұрғандай секілденді жанұя,
Жанұяға келгенде басталды тың ария.
- Қытайдағы інім, – деп, таныстырды Шерағам,
Маңдайымнан иіскеді марқұм жеңгем Мария.
Жаны жайсаң адамнан нұр құйылып санама,
Дәру тауып алдым мен жүректегі жарама.
Бір күн, бір түн сырластық сұхбат құрып оңаша,
Барлық өмір жолымды таныстырдым ағама.
Бұл әңгіме шүңет ой иіріміне шөктірді,
Құлақ түріп сонда аға, үнсіз тыңдап, көп тынды.
– Бәрекелді, Қайратым, әңгімеңе қарасам,
Тағдырымыз ұқсастау келеді екен деп күлді.
Мейлі мұңлы күн туса да алыстамай намыстан,
Жасау керек деп бастады аға сөзін алыстан.
Шерхан атым шер көкірек болғандықтан қойылған,
Туадағы азан айтып қойған атым – Барысхан.
Ал, Мұртаза менің әкем «Халық жауы» саналып,
Бұршақ соққан жас майсадай жанышталды балалық.
Қайсар анам – Айша марқұм бәрімізге пана боп,
Тірі қалдық анамыздың жылуынан нәр алып.
Әрі қарай сөз қозғалды көне, жаңа эрадан,
Әңгімеге арқау болды көп оқиға, көп адам.
«Сәлемдеме» толғауымды айтып бердім мен оған,
Айналайын бауырым деп құшақтады Шерағам.
Көздерінде жат пиғылды жасқантатын бар ұшқын,
Сөздерінде ұлтын сүйген салмағы бар намыстың.
Ақиқаттың айнасына тік қарайтын ағамен,
Мен осылай таныстым, мен осылай табыстым.
Көп жыл өтті содан бері ай ауысты қаншама,
Төрт мезгілдің бәрі көктем мәңгі жасыл аршаға.
Көкейтесті жұрт тілегін арқалаған жан сала,
Нар кескен тіл соны айтудан шаршама сен, шаршама.
Рас, әркім армандайды шың басына қонуды,
Шерхан үшін жүрер жолы әлдеқашан жорулы.
Шындық үшін отқа түсер, төте тартар бірбеткей,
Жын шайтандай жек көреді екібеткей болуды.
Мәуелеген жемісті ағаш-ұлағатты ұлы адам,
Біздер түгіл әулие де аулақ емес кінәдан.
Өз халқының малын жемей, қамын жеген жақсы аға,
Әділеттің аспанының шаңын сүртіп, жүр аман!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу