Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  125


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

АРМЫСЫҢ, АТАМЕКЕНІМ!

Менің жаным ізгілікпен көрші еді,
Менің арым елімменен еңселі.
Саған деген сағынышым өлшеусіз,
Ата жұртым, аңсап келдім мен сені!
Отан-отан, мәңгілікке асқақ ән,
Жапырағың сағынатын баспанам.
Түйір тасың табынатын астанам,
Елім аман, енді неден жасқананам?
Қазақстан, құшағыңды аш маған!!
Жүз жиырма алты ұлт ірге тепкен мекенге,
Менің жырым ұран болып жетер ме?
Өз жерінде аз ұлт болған қазағым –
Бес миллион қандасың жүр шетелде.
Саған жаусын көз жасымның жаңбыры,
Саған жетсін босқан елдің зар-мұңы.
Бар қазақты ойлантуға тиісті,
Бейбарыстың бейнет кешкен тағдыры.
Тұран далам, айналайын атыңнан,
Сенсің кеше өксік атып аһ ұрған.
Жетелі ұлың, жетім құл боп Бейбарыс,
Жалғыз астау көк бидайға сатылған.
Төзген елміз аштық, жаулық, қысымға,
Жоғалтқаның қолдан ұшқан құсың ба?
Египетте өсіп-өнген Бейбарыс,
Он жеті жыл сұлтан болды Мысырға.
Отанына ол да жетпей көз жұмды,
Алмағайып замананың тұсында.
Қайсар елім, шеру жасап шеп бұздың,
Не ғаламат ғасырларды өткіздің.
«Бәрекелді» мақтанымыз көп біздің,
«Әттеген-ай» шақтарымыз көп біздің.
Сапты аяқтан қарауылдап үйдегі,
Сенің ауызың өз асыңа тимеді.
Адастырды менің сәби халқымды,
Күнді бүркеп қара бұлттың түйдегі.
Шынжырына шыжым байлап Шыңғысхан,
Отырарың ойран болып күйреді.
Үш жүз жылдай Романовтар тұқымы,
Ұлан-байтақ даламызды биледі.
Қара құрттай қаптап кетті осылай,
Қара шекпен, қауға сақал күймелі.
Саңлақтарды абақтыда сарғайтып,
Санамызды саз балшықтай иледі.
Еркін жүзді сенің өзен-көліңде,
Келімсектің үкілеген үйрегі.
Қолдан жасап ашаршылық нәубетін,
Үш миллион қандасымыз сиреді.....
Кигізіліп тар томаға, тар ноқта,
Көп іліндік тұзақ пенен қармаққа.
Қазағыма пана болмай өз жері,
Үріккен аңдай босып кетті жан-жаққа.
Елім болды еріккеннің ермегі,
Жерім болды өрмекшінің өрмегі.
Шашқан тары секілденген қазақты,
Тауықтар мен торғай теріп көп жеді.
Өттік талай апат ғасыр, жұт жылдан,
Ұпайымыз тағы да көп ұттырған.
Қырық үш елде өмір сүрген қазақтың,
Қырық үш түрлі әдеті бар жұқтырған.
Аламын деп, озық ұлттан мол тәлім,
Сен тұздығы болған едің сорпаның.
Ана тілге, ата салтқа қош айтып,
Орысшаны деп санадық ортақ үн.
Еуропаға еліктеп ең елжіреп,
Рухыңа басты таңба, қол табын.
Енді қазақ сауысқандай сақ болсын,
Жаһандану ағысынан қорқамын.
Осындайда берілесің сан ойға,
Енді жұртым, айналаңды абайла.
Бақытымыз болсын десек баянды,
Бір қазақ боп жасау керек қалайда!
Жойылмаса тіліміз бен салтымыз,
Сонда біздің көкке өрлейді даңқымыз.
Бас-басына би болудан жоқ пайда,
Ұлттың рухын көтерейік жалпымыз!
Бөлінгеннен бөрі жеген жұрт едік,
Бүтінделсін сыңар менен жартымыз.
«Нұрсұлтанның нұрлы жолы» болса деп,
Міне, соны армандайды халқымыз.
Өз елімнен іздегенім табылар,
Бүгін менде елде бардың бәрі бар.
Дұғай сәлем сағынысқан туыстар,
Жүрек жарды толғауымды қабыл ал!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу