Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  192


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ТУҒАН ЖЕРМЕН, ӨСКЕН ЕЛМЕН ҚОШТАСУ

Қаратаудың басынан бос тайлақпен көш келер,
Көшкен елдің хал-жайын кейінгі ұрпақ ескерер.
Мен өзіңнен алыстап кетіп барам көш бастап,
Есен-аман болғайсың, туған жер мен өскен ел.
Қош аман бол көргенше, Алтай, Сауыр, Ертісім,
Қуанғанда көңілімнің жаз дидарлы көркісің.
Сағынғанда сары күз жүрегімнің дертісің,
Самал желің санамды еркелетіп желпісін.
Жетпіс жеті бабамның басы қалған бұл мекен,
Мейіріміндей анамның жасыл орман бұл мекен.
Өзендері сарқылып тасы қалған бұл мекен,
Мәңгілікке сағыныш, асыл арман бұл мекен.
Ата қоныс, қарт бабам салқын Сауыр сал-жырау,
Сайран елден алыстап кетердегі хал мынау.
Жас іркілген қос жанар Қанас пенен Үліңгір,
Мен кеткенде шараңнан төгілгелі қалдың-ау.
Батаңды бер, байтақ ел, мен алысқа кетейін,
Жетісудан өтейін, Алатауға жетейін.
Көш керуен бастадым асықтырып бір бақыт,
Көкжиегін кеңейтті арман толған көкейім.
Бет сыйпайын, әмин, іркілмесін көш енді,
Жалғыз Отан маңдайға жайнамаз боп төселді.
Қош аман бол көргенше, қайта айналып келгенше,
Жан сырыммен жалғайын қоңсы жатқан қос елді!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу