Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  73


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ҚОҢЫР МІНЕЗ ҚОЙЛАРЫМ

Таңқаларлық болмаса да бітімің,
Әйтеу сенің табылады жұтымың.
Адамдар мен қасқырлар көп қырса да,
Қойлар, сенің құрыған жоқ тұқымың.
Жазда жазық, қыста шығып белеске,
Қуанасың жайылымның шөбі өссе.
Білмейсің-ау қоңыр мінез қойларым,
Семіргенің сенің қайғың емес пе?
Парасаты болмаған соң өрелі,
Қойлар басқа тұқымдасқа сенеді.
Серке деген ешкілердің баласы,
Өздеріңді әлі бастап келеді.
Сен білмейсің айбар шегу, айғайды,
Өлсең етің қазандарда қайнайды.
Өзің қорқақ, өзің шабан болған соң,
Ешкі бастап, қойшы сені айдайды.
Ешкі сенен болғандай-ақ білімді,
Бастаушың боп тапты озық бір үлгі.
Жайшылықта сергек, сетер серкелер,
Борандарда ортаңа кеп тығылды.
Көп қарайсың көгендегі төлге де,
Бәлкім үнсіз кектенесің пендеге.
Екі көзің, төрт аяғың өзіңде,
Басқаларға кіріптарсың сен неге?!
Шегірткелер шыр етсе де қорқасың,
Торғай ұшып пыр етсе де қорқасың.
Сен күзетіп тұрғандай-ақ боласың,
Дүбірлеген дүниенің ортасын.
Қасқыр жасап саған қанды жорығын,
Күндіз-түні сені содан қорыдым.
Саған сонша бәйек болдым мен неге,
Білмейсің-ау, момақаным, момыным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу