Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  83


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

АБАЙ

Бисмилла рахмани-рахим,
Абай – шұғыла көкейімде тұратын.
Аспандатқан қазағымның мұратын,
Аруағыңнан айналайын, ұлы ақын!
Абай – пірі, азғындауға ермеген,
Абай – ұлы, елді алалап бөлмеген.
Абай – батыр, жауға шапқан көлденең,
Абай – ақын, еш рахат көрмеген.
Абай – бұлбұл, даланы әнмен тербеген,
Абай – дүлдүл, айлаға жол бермеген.
Абай – пәни, ғұмырын ой кернеген,
Абай – бақи, көзін жұмған шерменен!
Абай – бірі, санамалы алыптың,
Кешір баба, қымбатыңды жаңа ұқтым.
Абай – күллі адамзатқа жарық күн,
Хакім ұлы қазақ деген халықтың.
Ана болған есіл Абай егейге,
Пана болған бейнет кешкен кедейге.
Шыңғыстауда шыңырау терең сыр тұнып,
Тарлан тарих жатыр анау, Семейде.
Мен үңілсем сырларыңа ары таман,
Ғашықтардың іздерін де дәл табам.
Мамыр қыздың мақпал шашын жастанып,
Осы өңірде көзін жұмған Қалқаман.
Жырау ұлың Ақтамберді тегінде,
Сардар болған жорықтардың шебінде
Күмбезі тұр күңіренген күй тартып,
Семейдегі Жүрекжота жерінде.
Еңлік- Кебек Шыңғыстауда өтіпті,
Табысыпты, арманына жетіпті.
Соған бола Арғын, Найман жауласып,
Ұзақ жылдар із салыспай кетіпті.....
Әзәзілдік кіріп жосын-жораға,
Кигізілді елге тұйық томаға.
Ғашықтықты жаулықпенен өлшесе,
Бұдан өткен әлжуаздық бола ма?
Кеңгірбай би соғып сойыл құрығын,
Шайқалтыпты тыныштықтың тұнығын.
Өскенбай би тым өрескел ашумен,
Мәмбетейдің кесіп алған мұрынын.
Парасаттың ісі деуге бола ма,
Ожар бидің орашолақ қылығын.
Балғын Абай пәк үмітпен таранған,
Зерделі әже Зереден ол нәр алған.
Ұлағатты Ұлжан сынды ана мен –
Қатал әке Құнанбайдан жаралған.
Бұл дерек қой сабақталған арыдан,
Мен қалайша мойындаудан жаңылам?
Салыстырып зейіл менен мейірді,
Дүниені Абай алғаш таныған.
Адамзаттың ұлы Абайын өсірген,
Ұлжан ана рухына табынам.
Көргенімде бейпіл кеткен пендені,
Құнанбайдың қаталдығын сағынам.
Аулақ ұстап балалықтан іргені,
Тез өтіпті жастық шақтың күндері.
Балғын Абай он үш жаста ақын боп,
Өмір жолын бастап кеткен күрделі.
Абай шыңға шырқағанда айбынды,
Арманының бір қанаты қайырылды.
Қатал заңмен Тоғжанынан айырылды,
Тағдыр солай бір бақытын тайдырды.
Абай мұңмен, қасіретпен бірге өсті,
Жас жанымен ауыр-ауыр күн кешті.
Жат бауыр боп өз ағасы Тәкежан,
Жақынынан алғаш тапты күндесті.
Абайды озбыр Оразбайлар талапты,
Әбендердің жұдырығымен сабатты.
Қатар жолдап арызы мен парасын,
Семейдегі абақтыға қаматты.
Бар ғұмырды қысқа жіппен күрмеген,
Тірлік неткен тылсым едің, күрделі ең.
Абай үшін тәрк етіп мал-мүлкін,
Салтанат қыз алып шыққан түрмеден.
Сондай ару бармысыңдар, қайда едің?
Түнек түнге сәуле шашқан ай ма едің?
Тату жарын бөгде қыздан қызғанып.
Абайға алғаш өкпелепті Айгерім.
Абайға айтқан егес елдің өсегі,
Айгерімге қызғаныш боп көшеді.
Біржан салдың әнін шырқап екеуі,
Таң алдында татуласқан деседі.....
Өкпе-назбен өтіп жатса күн-айлар,
Сүйген жардан суынуды кім ойлар?
Әсем әнмен таратса екен шер-мұңын,
Болмашыға өкпелескен жұбайлар.
Мезгіл жетті күндестіктен жалығар,
Мезгіл жетті көп өсектен арылар.
Беу ағайын, жақының кім, жатың кім?
Қиын-қыстау күн туғанда танылар.
Сасық байлық-дәулетіне мастанған,
Оразбайлар ортамызда әлі бар.
Билік үшін өз туысын мерт қылған,
Тәкежандар талай жерден табылар.
Нашар досты көлеңкеге ұқсатқан,
Қазақ сөзін еске сақта, қабыл ал.
Жақсыларды жарға итеріп үнемі,
Масайрайды жамандар мен жабылар.
Данышпан ой, даңғыл баба даңсалы,
Жарқын заман, жақсы күнді аңсады.
Қайран Абай әлсіздерге жоқшы боп,
«Мыңмен жалғыз алысам» деп шаршады.
Абай Павлов, Михайлэспен сырласты,
Пушкин, Байрон, Лермонтовпен мұңдасты.
Құлаш жайып батыс пенен шығысқа,
Қар жамылып, мұз бүркенген шыңды асты.
Аштық жайлап Кавказ бенен Сібірді,
Босқан халық мұзды өлкеден шұбырды.....
Қазандағы кедей қауым жосылып,
Абайдың кең құшағына тығылды.
Ақын Сара сонда Абайды таныпты,
Абайдағы дерт пен мұңға қамықты.
Әбішті іздеп, тай жетелеп арнайы –
Жетісудан Алматыға барыпты.
Неткен достық еш саудасы болмаған,
Бақыт сол ғой басқа келіп орнаған.
Жамбыл ақын бір жас үлкен Абайға,
Алатаудан дұғай сәлем жолдаған.
Құнанбай би шын бағасын берді елге,
Керейлердің ортасына келгенде.
«Бар қазақтың тиянағы» деп кетті,
Алтайдағы ата салтты көргенде.
Ашаршылық апаты елді қырғанда,
Жүдеген ел ірге тепкен бұл маңға.
Шәкәрімнің ұлы Зият Алтайға,
Ауып келген отызыншы жылдарда.
Абай шыңға парасатпен өрлепті,
Ақылымен төңіректі тербетті.
Бір дәуірдің алып, дара тұлғасын,
Екі ұлының қазасы кеп меңдетті.
Бақталас боп өткізумен мезгілді,
Ерлер менен егерлесіп ез жүрді.
Бұл пәнидің бар бейнетін арқалап,
Елу тоғыз жасында Абай көз жұмды.
Семей, талай тарихқа қол арттың,
Саған төкті киелі нұр жомарт күн.
Мұхит – Мұхтар жазушыны сен туып,
Шәкәрімді қапияда жоғалттың.
Алға сүйреп тіршіліктің арбасын,
Қоғам солай тауып жатты жалғасын.
Алып Абай тасқа жазып тағдырын,
Тарихқа ойып басты таңбасын.
Беу, дүние, ұлы Абайға құлақ түр!
Әр жырында шешілмейтін сұрақ тұр.
Сүйіншілеп планетаға қазағым,
Тымағыңды жұлдыздарға лақтыр!!
Бар тілегім, қақтығыстар болмасын,
Шын достықтың гүлі қурап солмасын.
Бірлік, шындық, өнер қуған пендені,
Ұлы Абайдың аруағы қолдасын!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу