Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  61


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖОЛЫҚПАҒАЙ

Сонау кез дүрбелеңдер болып талай,
Ата жаудан сәбидің қорыққаны-ай.
«Елім-ай», «Ағажайлап» ауған елдің,
Шерлі күні бізге енді жолықпағай.
Жүргенде өркендеуге соғып сарай,
Озбыр жаулар жүреді торып қалай?
Атамекен кетпесін жат қолында,
Қан кешкен қырғын күндер жолықпағай.
Тарым-күйік, Сібірде тоңып талай,
Кетті бір кез үрейге толып маңай.
Данышпан, кемеңгерін көп жоғалтқан,
Зұлмат ғасыр қазаққа жолықпағай.
Біз жауынгер халықпыз, жорыққа бай,
Тыншымайтын кемдігін толықтамай.
Көгіңнен бақыт нұры жаусын елім,
Кірлеген бұлт мәңгілік жолықпағай!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу