Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  83


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ӨМІРДЕН САБАҚ

Қызық, қырсық күндерімнің көп сынына жараймын,
Өмірдегі армандары таусылған жоқ талайдың.
Дүниенің бәрін көріп, бәрін біліп алғым кеп,
Айналама ойлы көзбен обырлана қараймын.
Қара нөпір зираттарды көргенімде жолшыбай,
Ойсыраймын қоңыр қойын бөрі қырған қойшыдай.
Аңдып жүріп ататұғын ажал мерген екен ғой,
Өмір деген қас-қағым сәт болғаны ма ойпыр-ай.
Жер ұйығын іздесе Асан, сары атан боп сор таттым,
Көгал іздеп сазға батып, тас қорымнан жол таптым.
Қалай екен? Кей мезгіл жауды құртқан батырмын,
Қалай екен? Беймезгіл қоян жүрек қорқақпын.
Неткен зар жақ пендесің деп сөкпе мені, досым-ай,
Мен оқыған сабақтар мен кешкен күндер осылай.
Бұрынғылар бір күн өтсе жылайды екен зар илеп,
Мен де сондай әр күнімді батырмадым шошымай




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу