Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  67


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

Бейуақыт жөргегіне ораған боп

Бейуақыт жөргегіне ораған боп,
Балалық қызығымды тонаған көп.
Айтатын мені көріп қариялар –
Өлмесе орнында бар оңалар деп.
Өлшенер таразыға тартылса адам,
Дақпырт жүйрік болмасын, даңқым шабан.
Өлместің Әбілхаят суын берген,
Ризамын қара орман- халқым саған!
Шүлен шұғыла сыйлады күлімдеп күн,
Мен мәреге қырсықтан бұрын жеттім.
Балалығым бақытсыз болғанымен,
Бозбалалық шағымда дүрілдеттім.
Ел кездім мініп алып кер дөненге,
Бір атағым жайылды елден-елге.
Бір өңірді шулаттым содырлықпен,
Жылаған бала уанды мен дегенде.
Ел осылай «таныған» міне бізді,
Сотқарлық кеп емшегін бір емізді.
Өзім тентек, сабаққа салақ болдым,
Менен біраз ұстаздар күдер үзді.
Жұқтырып ала ма деп, жаман әдет,
Шағым айтты ұстаздар анама кеп.
Ойлайды ғой жаңадан ес жиғанда
Бір пәлеге ұрынып қала ма деп.
Жүрсе болды әйтеуір басың аман,
Таситұғын кезіңде тасы, балам!
Қиянат, қызғаныштан аулақ бол деп,
Күлімдеп кеп сүйетін асыл анам!
Болған соң жер орнында, халқым аман,
Бір арманға қол создым жарқыраған.
Мендегі ақындықтың көзін ашты,
Саңлақ Сәден, Жұмажан марқұм ағам!
Қазағымды жырлаудан жалыққам жоқ,
Ықыласты алдым мен халықтан көп.
Менің дауысым шыққанда ақ боз үйден,
Қыз-бозбала тыңдайтын жабықтан кеп.
Кәусар жыр сусындатты мынау елді,
Жұрт елжіреп ақ бата, дұға берді.
Кешегі жетім Қайрат, сотқар Қайрат,
Міне, осылай ақын боп шыға келді.
Алтайымда алтын боп ақтарылдым,
Тарбағатайдың тарихын жатқа білдім.
Іргелі Іле менің өз үйім боп,
Жиреншедей көсіліп жатқан ұлмын.
Анау Еренқабырға еркелетті,
Боғда, Бисан ойымды көркем етті.
Кеңсу, Хайыз, Бұланай, Такламакан,
Ертегілер еліне ерте кетті.....
Көкшетауда тіреді төбем көкті,
Сарыарқа ой-санамды тереңдетті.
Алатау, Жетісудан шыққан дауысым,
Сонау Еділ-Жайықты елеңдетті.
Баян- Өлгейде өнерден безбенделдім,
Қосағаш, Барнауылда сөз меңгердім.
Хакім Шоқан бабамыз білім алған,
Омбы Кадет Корпусын көзбен көрдім.
Бойсұнып мезгіл деген төрешіге,
Сақталған ақын болдым ел есіне.
Бішкекте бүкіл қырғыз танып мені,
Күллі Ташкент көтерді төбесіне.
Мәрмәр теңіз-арманның айдыны едің,
Жыр құсым саған қанат жайды менің.
Анау Альпі шыңына шығып тұрып,
Еуропаға қазақты әйгіледім.
Жапондар да мені көп жағалады,
Орман орыс ақын деп бағалады.
Француз, испан, неміс, ағылшындар,
Өлеңмен айтысуға жарамады.
Бәріне Қазақ жырын айтып берем,
Тақиямнан кеткен жоқ тайқып төбем.
Жайлауда құлын жеген көк бөрідей,
Еліме олжалы боп қайтып келем....
Өміріме өнерден қор жасармын,
Бабалар жосынымен жол басармын.
Қай елде, қай тарапта жүрсем-дағы,
Қазақтың өнеріне олжа салдым.
Жұмысым жоқ желқабыз дауда менің,
Нағыз өлең жанымды баурап едің.
Еліне өлмей жеткен Таңжарықтай,
Аллаға сансыз тәубә, тәубә дедім!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу