Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  77


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

Өлез емес өткір болды ажарым

Өлез емес өткір болды ажарым,
Көп шырқадым жастық шақтың жаз әнін.
Он тоғызда ақын болған жігітке,
Біраз қыздар бұрды білем назарын.
Көп естідім құрбылардың мадағын,
Оның несін жасырайын, қарағым?
Қылаң ұрып, сылаң қаққан сылқымға,
Көздің сұғын, сөздің мірін қададым.
Ойын қумай өнер қуған жақсы әдет,
Мен өйтпесем кетер едім басқа боп.
Ауылдағы бір ағамыз айтатын–
«Өз нәпсісін тежей алған патша» деп.
Дүрілдеткен ақын болдым дарынды,
Болдым рас ел-жұртыма қадірлі.
Мен секілді алып ұшқан ақынға,
Сен секілді жұбай керек сабырлы.
Татқаным жоқ арақ-шарап дәмін де,
Өлең болды байлық, сәнім, әнім де.
Адал, қамқор, отбасымның мәйегі,
Ризамын сені қосқан тәңірге.
Бар олжамды ел-жұртыма тең бөлдің,
Менің ағат ісімді де жөн көрдің.
Жеңісгүлім, барлық жеңіс сенікі,
Мойындайын, мен жеңілдім, сен жеңдің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу