Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  83


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

Бейнетті көрсең де нетүрлі

Бейнетті көрсең де нетүрлі,
Ғұмырын күзеттің жас ұлдың.
Жансебіл кенгуру секілді,
Баурыңа, қалтаңа жасырдың.
Тағдырын жесірдің, жетімнің,
Әйгілеп сен тұрдың әр таңда.
Арманшыл адам боп жетілдім,
Анашым, өзіңнің арқаңда.
Асылды кигенмен бойыңа,
Жүректе көп сызат қалыпты.
Әкенің тоғыз мың қойы да,
Сендерді шаян боп шағыпты.
Айбынды сардарсың, жан ана,
Сарбаздай алдыңда тік тұрдым.
Әкенің дәулеті балаға –
Септігі жоқтығын ұқтырдың.
Мейірім, қайырым ғаламат,
Санамды пәктікке билеттің.
Барға да, жоққа да қанағат
Етуді сен маған үйреттің.
Зауал шақ өткіздің бастан көп,
Өшікті өзіңе кім, неге?
«Күйеуі шетелге қашқан» деп,
Тұтқын боп түстің-ау түрмеге.
Көрген соң қорлықтың зорғысын,
Желге ұшып, селге ақты бар еңбек.
Қаһарман ананың болмысын,
Өттің сен өзіңмен дәлелдеп.
Тең көріп ләззат пен азапты,
Сынынан сау өттің тағдырдың.
Алалап көрмеген қазақты,
Дауылпаз ақын ұл қалдырдың.
Өспедім еркелеп, шолжаң боп,
Көрейін шаттығын көп жылдың.
Шешетай, ең үлкен олжаң боп,
Мінеки, пәниде мен жүрмін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу