Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  77


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ОЛЖА

Енші алып сайын дала, сахарадан,
Батыр, бағлан болыпсың ата-бабам.
Ұзартып сенің қысқа ғұмырыңды,
Дүрілдетіп жүр міне, ботаң аман!
Аз болмапты заманға зар-мұңың да,
Тайталаспен өтіпті тағдырың да.
Тіріде атақ-даңқың жер жарғанмен,
Келте өмір сүріпсің барлығың да.
Қайсарлығың өнеге өшпес маған,
Ұрпағымен мұратқа жетпес пе адам?!
Бабаларым ту алып ел бастаса,
Әжелерім ән салып көш бастаған.
Көрсетсе де жат жұрттар қиғылығын,
Шеңберіне сыймапсың билігінің.
Үш мың түйе айдаған бай болғанмен,
Бірақ соның көрмепсің игілігін.
Ереуіл атқа ер сапсың өсе келе,
Кесірлерді жоймадың кеше неге?
Айып, жаза, абақты, қуғын-сүргін,
Жазылыпты сендердің пешенеге.
Жүрсең де айбарыңмен билеп көпті,
Алайда тыныштықты үйретпепті.
Әйтеуір өлгендерің өз үйіңнен –
Бақиға аттанғаның сирек бопты.
Тыныш тірлік сендерге бұйырған жоқ,
Құрсаулапты қырсықтар қиырдан кеп.
Пәнилік олжаң болып мен қалыппын,
Тұқымыңды көктеткен түйір дән боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу