Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  75


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

АДАСҚАҚ

Шешеңнің шайын ішкен –— қандай бақыт!
... Әкеміздің мінезі-ай.
(«Оңбайды», ә, түк?).
— Қызыңа айт.
Теңін тауып кетсін», — деді,
Апамыз жиырмаға толмай жатып.
Апамыз студент-тін.
Үлгілі еді,
Бір ой сәби кеудемді тілгіледі:
«Неге кетсін деді екен?
Апамды әкем
Жек көретін шығар, ә?
Кім біледі...».
Ата-ана жолға түсті – мұсылмандық.
...Ұясынан ұшырды құсын барлық,
Үш үйдің отын жағып үш қыз кетті,
Ошақтың үш бұты боп — үш ұл қалдық.
«Бағың да — мен, — деп келер, —
«күйең» де — мен,
Түйең де — өлең, бұларға, биең де — өлең.
Сұрағанын беріп тек құтыласың,
Назары қатты ел ғой, бұл — жиен деген.
Жаман болса, құлақтан тартасың да,
«Ел болар...» нағашының арқасында!» —
осылай деп мәз болып отыратын,
Қисық шал жиендердің ортасында.
Жүрген жері — аста-төк жиын нөпір,
Көп ортаға болғанмен зиынды өкіл.
Отбасында бір ағам төменшіктер,
Отыздан асқан қызы үйінде отыр.
Қымбат тон...
Модадағы көйлек дейді...
Әйелдің қиялына ой жетпейді.
«Саған не салмағы бар?
Нан тауып жүр!»
Жеңгеміз ағамызды сөйлетпейді.
...Еліктіріп еркін ой, азат әлем,
Андағайлап ұмтылды озат өрен.
Кеңістіктің аузында шырылдайды,
Қазығынан адасқан қазақы әлем.
Шошымаймыз көрсек те шетін кепті,
Оң жақта қыз босанып...
Жетім көп-ті.
Астаң-кестең дүниенің бәрін көрген,
Бабамыз: «Қыз мұраты – кету! – депті.
«Қыз өссе — елдің көркі».
Ән саламыз.
Сұлу көрсек, мәз болып, тамсанамыз.
...Мақаңның* тізіміне ілігеді,
Мұратына жете алмай
қаншама қыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу