Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  88


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ОЙЫН

Оңашада жұрттың бәрі мойындар,
Түр көрсетіп қойып, бәлкім, өкінген.
«Қазақты алдау» дейтұғын бір ойын бар,
Қазақстан дейтін мемлекетімде.
Жер бетінде тағы қандай ғажап бар,
Жауап таппай, қаңғыдым.
Ойнайтын... һәм алданатын қазақтар,
Не сиқыры бар мұның?!
Сөзден басқа не әкелер жұртқа бақ,
Мынау — мінбер, сөйлегін.
Өз мүддесін өткізерде тықпалап,
«Қазақ үшін!» — дейді, Ерім.
«Қазақ үшін!».
Ережесі ойынның
шығар, бәлкім, кім білсін.
(Бір сен үшін бәрі дайын Сойыңның
Жұртым неге ділгірсің?).
Өзге жұрттың бүтін мұнда тірлігі,
Барлығы да көрермен.
Тәңір теріс айналмасын бір күні,
Өз шындығы жоқ елден.
Болдырғасын күле берер, құсалы Ай,
Бұл ойынды тоқтататын жан бар ма?
Хақ-Тәңірдің жүзін көрмек Мұсадай,
Қарай берем заңғарға.
Оңашада жүрек байғұс шошынар,
Тар қапасты ұрғылап.
Бүйте берсек, ойынымыз осылар,
Ұтатұғын, ұтылатын кім бірақ?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу