Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  100


Автор: Жанат Әскербекқызы

Қарашығын құпиямен астарлап...

Қарашығын құпиямен астарлап,
Тына қалды демін алып тымық түн.
Жүрегімді қобалжытып, жас парлап,
Өзіңді де, сөзіңді де ұмыттым.
Күбіріңді естімеді құлағым,
Өткен күннің өкініші тұмшалап.
Құлардай-ақ құшағына күнәнің
Үркек көңіл уақытты тұр санап.
Селт ете қап, сені іздеген даусымнан,
Түн жылжыды, бар ғұмыры қас қағым.
Төсеніш қып жана-жана таусылған,
Жүрегімнің күлін шашып тастадым.
Алқымымды өлең шарпып демімен,
Ақылымды аяладың сезіммен.
Кері оралып салқындықтың шегінен,
Өзің болып көкірегіңде көз ілгем.
Егілемін жүрегіңнен шерлі үн кеп,
Ұғынам ғой... дерт суарған шер тілін.
Өн бойыңа шуақ болып енгім кеп,
Өзім ұғар болмысыңа елтідім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу